Сыр елінен Астанаға ән шашу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр елінен Астанаға ән шашу

28.06.2014
Сыр елінен Астанаға ән шашу
Астана мерекесі қарсаңында қалада Қызылорда облысының мәдениет күндері өтіп жатыр. Жыр елі атанған өлкенің өнерпаздары екі күннен бері астаналықтарды таңдаулы туындыларымен тәнті етуде. Мерекелік тартудың негізгісі «Сыр-Алаштың анасы» атты гала-концерт болды. 
 
Киелі Сыр жерінен келген өнер иелерінің концертін тамашалауға жиналған халықтың қарасы мол болды. Кеш шымылдығы Сыр сүлейі Тұрмағамбет атындағы ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы күймен түрілді.
 
Астананың талғампаз көрермені белгілі жырау Алмас Алматов бастаған жыршы-термешілердің өнеріне ерекше тәнті болды. Сырдың мақам сазын сағынған Арқа жұрты рухтанып, бәрекелді десті.
 
Тұрсынбай Ахметов, қала тұрғыны:
Бүгінгі концерт өте керемет өтті. Концерттен Қызылорда облысының жетістіктерін көріп қуанып қалдық.
 
«Томирис» тобының мың бұралған қыздары ұлттық билермен сахна ажарын ашса, талай бәйгеде топ жарып жүрген жас әншілер Астана туралы әндер шырқады.
 
Қызылордадан қанат қаққан эстрада жұлдыздары жиналғандар қошеметіне бөленді. Бұл шараға аймақ өнерпаздары екі айға жуық әзірленген.
 
Талғат Мақашев, облыстық филармония директоры:
Қорқыттың елі, Сыр елінен үлкен өнер ұжымдары келіп, екі жүзге жуық өнер азаматтары келіп, өнерін Астана халқына паш етіп жатқан жағдайы бар. Зал лық толды. 1600 орындық залымызда ине шаншар орын болмады.
 
Ұлттық өнерді ұлықтаған өлкенің мерекелік бағдарламасы ертең де жалғасады. Бағдарламаға сәйкес елордалықтар жыршы-термешілердің концертін, Сыр сахнагерлерінің спектакльдерін тамашалай алады.  
 
 
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ
                           

Хабарламаларға жазылу