Астана күні мерекесін Қазақ елі ерекше ықыласпен атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана күні мерекесін Қазақ елі ерекше ықыласпен атап өтті

09.07.2017

Елдігімізді екшелеген мерекені оңтүстік жұрты ерекше ықыласпен тойлады. Өңірде мәдени шаралар ұйымдастырылып, Астанаға арналған үздік әндер мен жырлардың сайысы өтті. Айбары асқақ, әсемдігімен көз тартатын бас қаланың тойынан ақындар да аянып қалмады. Бейнелі сөзге бөленген, өрімі бөлек жырдан шашу шашты.

Ал, Керекуде бір топ тұрғын бас қаланың басты мерекесінде баспаналы болды. Павлодарда Астана күніне орай 108 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Кезекте тұрған көпбалалы отбасылар, отау құрған жастар және «Алюминстрой» қалашығындағы ескі үйлердің тұрғындарына жаңа баспана кілттері табыс етілді.

Бағаналы орда – басты орданың мерейлі мерекесін Сыр жұртшылығы да өзіндік сән-салтанатпен атап өтті. Облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, таңнан кешке дейін қала тұрғындары табиғи таза өнімдерді арзан бағамен сатып алды.

 

Әсем ИЗАТЗЫҚЫ, Айдана ҮСЕНБАЙ, Мирас МҰҚАШ

Хабарламаларға жазылу