Мәскеу Украинаның шығысындағы екі сепаратистік аймақпен достық туралы келісімді бекітті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеу Украинаның шығысындағы екі сепаратистік аймақпен достық туралы келісімді бекітті

22.02.2022

Ресей Мемлекеттік думасы мен Федерация кеңесінің мүшелері Украинаның шығысындағы Донецк және Луганск республикаларымен достық және ынтымақ туралы келісімдерді ратификациялады. Аталған құжат бүгіннен бастап күшіне енеді. Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин аталмыш екі республиканы мойындау туралы жарлыққа қол қойған еді. Кремль басшысының айтуынша, Украина үкіметі Донбастағы жанжалды бейбіт жолмен тоқтату туралы Минск келісімін орындамаған.

Зеленский Ресеймен арадағы дипломатиялық қатынасты үзу мәселесін қарастыратынын мәлімдеді

Ал Украина Ресеймен арадағы дипломатиялық қатынастарды үзуі мүмкін. Украина президенті Владимир Зеленский эстониялық әріптесі Алар Кариспен бірлескен баспасөз мәслихаты кезінде осылай деп мәлімдеді. Зеленскийдің сөзінше, мұндай өтінім Украинаның сыртқы істер министрлігінен түскен.

Бейжің Украина мәселесін диалог арқылы шешуге шақырды

Қытай Украина мәселесіне қатысы бар тараптарды сабырлы болуға, шиеленісті бәсеңдетуге және қарама-қайшылықтарды диалог пен келіссөз арқылы шешуге шақырды. Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ван Вэньбиннің мәлімдеуінше, Бейжің Украина төңірегінде болып жатқан оқиғаларға жіті назар бөледі. Бұған қоса, әр елдің қауіпсіздік мүдделері ескеріліп, қорғалуы тиіс деп мәлімдеді.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу