Қаңтар оқиғасында аса ауыр жарақат алған 270-тен астам полицей мен әскери қызметші мүгедек болып қалуы мүмкін. Ал, жарақатынан айыққандары қызметіне қайта кірісіп жатыр. Бүлік кезінде антына адал бола білген, борышын мүлтіксіз орындаған құқық қорғау органдарының мамандарымен тілшіміз Нұрсұлтан Тілектесов тілдесті.
Мамандарылған күзет қызметі басқармасының аға сержанты – Айбек Абуханов тәртіпсіздіктер басталған сәтте әріптестерімен бірге республика алаңында болған. 5 қаңтар күні әкімдік ғимаратын бұзақылардан қорғауға тырысқан 100-ге жуық маман жойқын шабуылға тап болып, аяусыз соққыға жығылған.
Айбек Абуханов, ҚР ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының аға сержанты:
Олар келіп, гранаталар лақтырды. Біз қолымыздан келгенше төтеп бердік. Бірақ, олардың саны бізден көп болды. Әкімдік ғимаратының іші газға толғаннан кейін сыртқа шығуға мәжбүр болдық. Сыртқа шыққаннан кейін басымнан жарақат алдым. Содан ауруханада бір-ақ есімді жидым. Қолымыздан не келеді соны істедік. Бізге атуға, ұруға болмайды. Қолымызда қару жоқ.
Бас сүйегі сынған Айбекке ауыр ота жасалған. Қазір үй жағдайында ем-дом қабылдап жатыр. Әр апта сайын дәрігерлер тексереді. Алда тағы бір ота жасалуы тиіс.
Айбек Абуханов, ҚР ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының аға сержанты:
Алдағы уақытта екінші операцияны жасасам. Екінші операциядан кейін басыма пластик қойылады. Содан кейін бәрі жақсы болып жатса, жұмысқа шықсам ба деген ойым бар.
Ал, Ұлттық Ұланның 5571 әскери бөлімінің батальон командирі – Нұржан Баденов қол астындағы сарбаздарды бұзақылардың соққысынан арашалап жүріп, жарақат алған. Айтуынша, әскери борышын өтеп жүрген бозбалалардың қолында тек өздерін қорғауға арналған қалқан мен каска және резинке таяқтан басқа ештеңе болмапты.
Нұржан Баденов, ҚР Ұлттық Ұланның 5571 әскери бөлімінің батальон командирі:
Тобырдың ішінде қалып қойдым. Бір азамат келіп, киіміңді шеш, формаңды ауыстыр деп пышақ тақады. Мен шешпеймін дедім. Содан бәрі соққыға жықты. Жағым, тісім сынды. Бірақ тұрдық. Содан әрі қарай кетті.
Ұлттық Ұлан подполковнигінің сөзінше, әскери батальон бұзақыларды Төле би даңғылы мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында тоқтатпақ болған. Бірақ қару-жарақтың түр-түрін ұстаған бүлікшілер сарбаздарды аяусыз соққыға жыққан. Жалпы, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Ұлттық Ұланның 100-ге жуық техникасына зақым келіп, екі әскери қызметші ажал құшты. Ал 400 әскер жарақат алған.
Нұрсұлтан Тілектесов