Ақмола облысында туризм саласы қайта жанданып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында туризм саласы қайта жанданып келеді

22.02.2022

Ақмола облысында туризм саласы біртіндеп қайтадан жанданып келеді. Бұл ел тұрғындарының белсенділігімен байланысты. Ал пандемия кесірінен шетелден келетін қонақтар мүлдем азайған. Қысқы туризмді дамыту үшін демалыс түрлерін көбейте түсу керек, дейді мамандар. Баға саясаты да маңызды.

Мереке Рүстем қолы қалт етсе, бос уақытын шаңғы тебуге арнайды. Сондықтан, Зеренді ауданындағы тау-шаңғы кешеніне жиі келеді. Алайда, қысқы спорттың бұл түрі қыруар қаржыны талап етеді дейді ол. Сырғанақ жолағын, спорт жабдықтарын бір сағатқа жалға алудың өзі 15 мың теңге.

Мереке Рүстем, демалушы:

Баға енді кішкене қымбаттау ма деп ойлаймын. Енді мынау киімі бар, бәрі бар бір адамға 15 мыңдай кетеді ғой. Енді біздің Қазақстанға кішкене қымбаттау.

Бұл тек шаңғы, сноуборд пен оның жабдықтарын жалға алуға кететін қаржы. Қонақүйге орналасып, бірнеше күн демалу үшін екі орындық бөлмеге ең азы, тәулігіне 25 мың теңге төлеу қажет. Бағаның жоғары болуы негізсіз емес, дейді кәсіпкерлер. Қысқы спорт жабдықтары қымбат. Оның үстіне биыл тау-шаңғы кешеніне қар жинау оңай соқпағанын алға тартады.

Тимур Аманғалиев, демалыс орнының атқарушы директоры:

Биыл қар кеш түсті және аз болды. Сондықтан біз 1-қаңтардан кейін ғана қызмет көрсете бастадық. Ал әдетте қарашаның соңында демалушыларды қабылдайтынбыз. Жасанды қар қолдандық, төңіректен де жинадық. Оның барлығы шығын ғой.

Өңірдегі туризм нысандары негізінен Бурабай мен Зерендіде орналасқан. 350 нысанның көбі - қонақүйлер мен шипажайлар. Қыс мезгілінде демалуға келгендер тек шаңғы, коньки тебумен ғана шектеледі.

Ермек Елберген, тілші:

Маусымдық емес, ұзаққа созылған мәселелер де бар. Мәселен бұл тау-шаңғы кешені Көкшетаудан 15 шақырым қашықтықта ғана орналасса да, интернет нашар. Ал қазір көбі қолма-қол ақша ұстамайды. Ғаламтор арқылы төлем жасауда әрдайым қиындық туындайтыны сөзсіз. Сондықтан жергілікті билік ұялы байланыс операторларымен осы мәселені шешсе екен, дейді кәсіпкерлер.

Пандемияның кесірінен соңғы екі жылда демалушылардың саны күрт азайды. Әсіресе шетелден келетін туристердің қатары сиреген.

Андрей Подгурский, облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

Демалушылардың қатары енді ұлғайып жатыр. Алайда, пандемияға дейінгі уақыттағы көрсеткішке әлі жете қойған жоқпыз. Шектеулерге байланысты шекара жабық болғандықтан, Ресейден келетін демалушыларсыз қалдық.

Демалушылар да, саладағы кәсіпкерлер де қысқы туризмнің кенжелеп қалғанын жоққа шығармайды. Дегенмен, бұл саланы дамыту үшін Ақмола облысының әлеуеті жоғары. Биыл демалыс орындарындағы инфрақұрылымды жақсарту үшін 3,2 миллирд теңге бөлінген. Осы жылы Бурабайдағы «Ақ Бура» курорттық қалашығының алғашқы кезеңі аяқталады.

Ермек Елберген


Хабарламаларға жазылу