«Аstana Ballet» хореографиялық би ұжымы «Әлем» атты балет қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Аstana Ballet» хореографиялық би ұжымы «Әлем» атты балет қойды

27.06.2014
 «Аstana Ballet» хореографиялық би ұжымы «Әлем» атты балет қойды
«Аstana Ballet» хореографиялық би ұжымы тұңғыш рет «Әлем» атты бір актылы бірегей балет қойды. Балетке Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Бұл шараны бастан-аяқ ресейлік мамандар дайындаған.
 
Бұған дейін түрлі халық билерін балет түрінде жұртшылыққа жеткізіп жүрген биші қыздарға қойылым қою оңайға соқпапты.
 
Қиял, Әлем. Бұл - жаратылыстарды сөзбен суреттеу оңай шаруа емес. Ал, спектакль қою - қиынның-қиыны.
 
Балет-спектакльде жанның өмірге келуі, оның аспаннан жер бетіне түскеннен кейінгі өмір сүру жолы әсерлі суреттеледі.  Туындыда Әлем, Жан, Жын үшеуінің арпалысы баяндалады.
Қазіргі заманға сай ерекше балет-спектакльдің авторы - ресейлік Никита Дмитриевский. 
 
Никита Дмитриевский, қоюшы-хореограф: 
Барлық балериналар өте тартымды және олардың әрқайсысы өзінше ерекше. Өте қажырлы еңбек етті. Маған ең маңыздысы - менің ұсынған қойылымымды әртістердің қалай қабылдайтыны, көркемдік басшылық қандай пікірде болғаны. Бұл үлкен ұжымдық жұмыс болғандықтан, біздер бір-біріміздің пікірімізге құлақ астық.
 
Екі жыл бұрын құрылған «Аstana Ballet» хореографиялық би ұжымының басты ерекшелігі - классикалық балетті заманауи бимен ұштастырып, екеуін қатар әдемі жеткізеді.
 
Алайда, ұжым спектакль жанрындағы биді бірінші рет қойды. Сол себептен, олардың қобалжуы заңды да.
 
Айла Тұрсынбайқызы, «Аstana Ballet» би ұжымының көркемдік жетекшісі: 
Бізде 50-ден астам би түрі бар. Қыздарымыз әр биге ерекше дайындалады. Атақты балетмейстерлерден алдын ала шеберлік сабақ аламыз. Балет-спектакль сөзсіз жеткізілетін қойылым болғандықтан, қыздар қимыл мен эмоцияны бірге ұштастырып, көрерменге оның мазмұнын түсінікті жеткізуге тырысты. Көрерменнің қошеметі керемет. Мақсат орындалған сияқты.
 
Әлем - бар болғаны өзін-өзі танытып үлгермеген болмыс, сырт келбетін қалыптастыруға тырысатын қуат көзі.
 
Қойылым соңында ол сыннан сүрінбей өтіп, сұлулық атаулысы әлем атанады.
 
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу