Кремль: Ресей Украинаға басып кіреді деген мәлімдеме арандатушылық сипатқа ие - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кремль: Ресей Украинаға басып кіреді деген мәлімдеме арандатушылық сипатқа ие

21.02.2022

Кремльдің арнайы өкілі Дмитрий Песковтың сөзінше, Ресей Украинаға басып кіреді деген мәлімдемелер жағдайдың шиеленісуіне әкеледі. Песков Мәскеу тіптен соғыс деген сөзді айтуды қаламайтынын жеткізді. Кремль Украинаға шабуылдау ниеті жоқ екенін үнемі мәлімдеп келеді.

New York Times: АҚШ барлаушылары Кремль Украинаға басып кіру туралы бұйрық бергенін анықтады

Ал АҚШ барлаушылары Кремль Украина маңындағы әскеріне басып кіру туралы бұйрық бергенін анықтаған. Мұны Американың «Нью-Йорк-Таймс» газеті мен «Си-Би-Эс» телеарнасы хабарлады. Оған сай Ресей Украина маңына өзінің құрлық күштерінің 75 пайызын аттандырған.

Ресеймен бірлескен әскери жаттығулар мерзімі ұзартылды

Сонымен бірге Құрама Штаттар Ресей мен Беларустің бірлескен әскери жаттығуларды ұзартуына алаңдаулы. Ақпанның 10-да басталған маневрлар жексенбіде аяқталуы тиіс еді. Донбастағы жағдайдың ушығуына орай оны әрі қарай жалғастыру туралы шешім қабылданған.

Донбасста жағдай ушықты

Айта кетсек, өткен бейсенбіде ресейшіл сепаратистер мен Украина билігі бірін-бірі Донецк және Луганскте снаряд жаудырды деп айыптады. Атыстан 2 бейбіт тұрғын қаза тапқан.

Донбасс тұрғындары эвакуацияланып жатыр

Қазір Донбасс тұрғындары Ресейге эвакуацияланып жатыр. «Би-Би-Си»-дің хабарлауынша, Ростов және Воронеж облыстарында босқындардың көптігінен төтенше жағдай жарияланған.


Хабарламаларға жазылу