АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин Украина төңірегіндегі дағдарысты талқылау үшін саммит өткізуге келісті. Мұны Франция президенті Эммануэль Макронның кеңсесі мәлімдеді. Айта кетсек, келіссөз өткізуді Макрон ұсынған. Бұл кездесу Еуропада соңғы ондаған жылдардағы қауіпсіздік дағдарысын дипломатиялық жолмен шешуге мүмкіндік беруі мүмкін. Саммиттің мән-жайы АҚШ пен Ресейдің жетекші дипломаттарының кездесуі кезінде нақтыланбақ.
АҚШ пен Батыс елдері Мәскеу соғысқа дайындалып жатыр деп мәлімдеді
АҚШ пен Батыс елдері Ресей Украинаға қарсы әскери операцияға бастауға дайын деп мәлімдеп отыр. Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонның айтуынша, бұл шабуыл 1945 жылдан кейінгі ең ауқымды соғыс болуы мүмкін. Бұған қоса АҚШ барлаушылары Украина маңында ресейлік жауынгерлердің көбейіп жатқанын көрсететін спутниктік суреттерді жариялады. Мәскеу болса, шабуыл жасау жоспары жоқ екенін үнемі мәлімдеп келеді.
Донбастағы жағдай ушықты
Тағы бір мәлімет. Соңғы күндері Донбастағы жағдай шиеленісті. Жексенбіде болған атыстан екі бейбіт тұрғын қаза тапқан. Ал ақпанның 18-нен бастап сепаратистік Донецк пен Луганск аудандарының тұрғындары Ресей аумағына эвакуациялана бастады. Дегенмен Украина қорғаныс министрлігі болса, олар қайта елге оралып жатыр деп мәлімдеді.
Арай Төлегенқызы