Қазақстанға Атом электр станциясы қажет пе? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанға Атом электр станциясы қажет пе?

13.02.2022

Қ.Тоқаев еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесін АЭС салу арқылы тез арада шешу қажет деп санайды.

– Жауапты тұлғалардың атом станциясын салу мәселесі жөніндегі сауалдарға жауап беруден неге жалтаратындарын түсінбеймін. Экономикалық ахуалдан хабары жоқ популистердің сөзіне ермейік. Атом энергетикасының мәнін кәсіби деңгейде түсіндіру қажет, – деді Президент.

Сонымен АЭС салу мәселесіне орай тараптар не дейді? Оңғар Алпысбайұлының материалы.

Жарылыс... 1945 жыл. Жапония. АҚШ Кеңес одағына қыр көрсетемін деп Хиросима және Нагасаки қалаларын тып-типыл етті. 1979 жыл. Пенсильвания штатындағы Три-Майл-Айленд атом электр станциясында апат болды. Мыңдаған адам эвакуацияланды. 1986 жыл. Чернобыльдағы атом электр станциясында апат болып, радиация бірнеше жүздеген шақырым аумаққа тарады. 2011 жылы Жапонияның Фукусима қаласында да АЭС-ң реакторы жарылды. Иә, атом, АЭС десе біздің көзімізге жойқын жарылыс елестейді. Алайда оны бейбіт мақсатта пайдаланса айналаға зиянсыз, өзіндік құны төмен энергия өндіруге болады. Қазақстанға атом станциясы қажет пе? Біз оны тиімді, бастысы, қауіпсіз пайдалана аламыз ба? деген сұраққа келгенде көпшіліктің пікірі екі ұдай.

Соңғы уақытта электр тапшылығы туралы айтыла бастады. Оған әсер еткен факторлардың бірі - майнингтік компаниялардың энергияны көп тұтынуы,- дейді сала мамандары. Бір майнингтік компанияның тұтынатын энергиясы бір облыстың қажеттілігімен теңеседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
 Бізде электрмен жабдықтау саласында мәселелер қайта-қайта туып отыр. Бұл мәселені шұғыл шешуіміз керек. Шындығын айту керек: егер таза атом энергиясы болмаса, инвестиция тартпақ түгілі, барлық экономикадан да, аймақтық көшбасшылықтан да айsрылып қаламыз.

Электр энергиясының құны сол өңірдің дамуына тікелей әсер етеді. Кез келген өнеркәсіп тоқпен жұмыс істейтіні анық. Оның бағасы арзандаған сайын өндірілетін тауардың өзіндік құны түседі. Яғни, кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Ербосын Нұрмұхан, экономист: 
Энергетика көздерінің өңірлік таралымы теңгерімсіз. Яғни, даму процессі тез жүріп жатқан оңтүстік өңірлерде энергетика көзі аз да 10 пайыз ғана ұстап отыр. Дамуы баяу солтүстікте 79 пайызын солтүстікте ұстап отыр. Яғни ЖЭС көбі солтүстікте орналасқан. 10 пайыз батыста.

Қазір елімізде бар станцияларды ретімен пайдалансақ жеткілікті болады деп санайтындар да бар.

Азаматхан Әміртай, саясаттанушы: 
АЭС әрине ол қазір соңғы технологиялардың бірі. Ол міндетті түрде расымен де қазіргі 21 ғасырда керек нәрсе. Бірақ, біз қазір Қазақстанда қазір мына кеңес үкіметінен қалған энергия ресурс көздерін максималдық көздерін пайдаландық па бүгінге дейін. Бұл мәселе шешілген жоқ та.

Ал, экономист мамандар ескіні жамай беру экономикалық әрі қауіпсіздік тұрғысынан тиімсіз деп есептейді.

Ербосын Нұрмұхан экономист: 
 Бұрынғы электр станциялары көнеріп, тозып, станциялардың барлығы 60 жылдар мен 80 жылдары салынған. 53 пайыз электр станцияларының барлығы 30 жылдан асып кеткен. ЖЭС 30 жылдан асып кеткен. 69 ГЭС олар да 30 жылдан асып кеткен. Оның ішінде 23 пайыз ЭС Қолдану мерзімінен өтіп кеткен.

Биылдың өзінде елде энергия тапшылығы 6 пайызға 1500 мегаВатқа артқан. Бұл Қызылорда облысының тұтынатын көлемінен 5 есе көп. Сұраныс жыл сайын өсе де береді. Баламалы жасыл энергия көздеріне келсек, олар тұрақсыз.

Ербосын Нұрмұхан, экономист: 
Күн шықса көп береді энергияны. Ал енді күн шықпаса аз береді. Жел де сондай. Жел тұса көп береді. Жел тұрмаса аз береді. Сондықтан бұл тұрақсыз энергия көзін экономиканы дамытуға тірек болатын энергия көзі деп қарауға болмайды.

КСМ: Атом электр станциялары уран таблеткаларымен жұмыс істейді. Көлемі 1 текше сантиметр болмайтын уран отынынан өндірілетін энергия 1 тонна көмірмен немесе 500 текше метр газбен тең. Бұл қоршаған ортаны қара түтінмен ластамауға, әрі үнемдеуге сеп. Қазір әлем бойынша 500 ге тарта АЭС бар. Олар 3-буындағы реакторларды пайдаланады. Ғалымдардың пікірінше жаңа үлгідегі қазандықтарда жарылу қаупі мүлде жоқ.

Ерболат Қоянбаев, ҚР Ұлттық ядролық орталығының өкілі: 
Олар пассивті қауіпсіздік системалармен жабдықталған. Ондай системалар Чернобль мен Фокусимадағы апаттарды болдырмайтын жүйелер. Базовый физикалық заңдарға байланысты құрылған ғой. Адамның ешқандай байланысы керек емес. Өзі автоматты түрде өшіп қалатын реакторлар ғой.

Қазір Қазақстанда 3 атом реакторы бар. Біреуі Алматыда, екеуі шығыстағы Курчатов қаласында. Олар энергия өндірмейді. Тек ғылыми мақсатта пайдаланылады. Демек құрылысты салудан бөлек, әуелі атом электр станцияларында жұмыс істей алатын білікті кадрлар дайындау міндеті тұр.

Ерболат Қоянбаев, ҚР Ұлттық ядролық орталығының өкілі:
Шетелдегі университеттерге әрине жіберуіміз керек. Өйткені қазір сабақ беретін мамандар да жоқ. Сосын эксперименталдық база жоқ.  Персоналды дайындау ол реактордың құрылысының бастауынан басталады дағы реакторды қолданысқа берген аралығында оқытылады.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес алғашқы 10-15 жылда атом электр станциясын салған компанияның өкілдері бірге жұмыс істейді. Үйретеді, тәжірибесімен бөліседі.

Азаматхан Әміртай, саясаттанушы: 
Егер олар АЭС салатын болса болашақта ол олардың бір өзінің белгілі бір нүктесі болады. Жағдайларды, саяси мәселелерде манипулация жасау үшін мемлекетпен.
Дмитрий Калмыков, «Қарағанды облыстық экологиялық музейі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі: 
2 жыл бұрын ғана энергия бізде тым көп. Қайда экспорттауды білмей жатырмыз деген ақпарат болған. Енді тапшылық бар дейді. Атом электростанциясын саламыз деп жоспарлап жатқандарына 20 жыл болды. Біресе Курчатов, біресе Ақтау, біресе Бақхашта саламыз деді. Бұл терең сараптаманың болмағандығын көрсетеді. Менің ойымша асығыстық жасамау керек.

ЭС салу қажет деп айтылғанына 20 жыл болғанымен нақты жоспар әлі түзілмеген. Бұл жауапты органдардың құлықсыздығынан деді Мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Жауапты тұлғалардың атом станциясын салу мәселесі жөніндегі сауалдарға жауап беруден неге жалтаратындарын түсінбеймін.

Біз де жауапты орган, энергетика министрінің атына ресми хат жолдадық. Алайда, түрлі сылтау айтып, жауап беруден тағы жалтарды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Күні кеше Франция Президенті Эмманюэль Макрон елде тағы атом электр станциясын салу қажет екенін айтты. Қазірдің өзінде оларда 56 реактор жұмыс істеп тұр. Алайда, жаңа нысан тек 2035 жылы іске қосылмақ. Атом энергетикасы саласындағы көшбасшы дайындыққа 13 жыл қажеттігін айтып отыр. Ал, бізде тәжірибе де, мамандар да жоқ. Оның үстіне Президент айтқандай, жауаптылар жалтарып отырса асығыстық жасамау керек. Алдымен терең зерделеу қажет. Иә, популистер сөйлей береді. Бірақ аз да болса, бар кәсіби мамандарды тыңдау керек. Ал ең бастысы - АЭС салуға серіктес елді таңдағанда аргументтер темірдей болуы шарт.


Хабарламаларға жазылу