Басты Жаңалықтар Тұрғын үй субсидиясы: 70 мың адамның тізімі жасалды ма?

Тұрғын үй субсидиясы: 70 мың адамның тізімі жасалды ма?

Табысы күнкөріс деңгейінен төмен 70 мың адамға жалдап отырған пәтерінің 50 пайызын мемлекет төлейді деген шешім шыққанын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев хабарлады. Айтуынша, елімізде 590 мың адам үй кезегінде тұр. Оның 210 мыңы әлеуметтік жағынан әлсіз. Көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар. 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар жандар, жетім балалар... Бұл дұрыс сан ба, тізімге ілікпей қалғандар жоқ па екен? Cтатмәліметтерге байланысты күмән ашық мойындалған соң, жарияланатын сандарға орай күмән арта беретіндей ме? 70 мың адамның тізімі жасалды ма? Олардың жалдап отырған пәтерінің жартысын төлеу қашан басталады? Қалай жүзеге асады? Амангелді Сейітханның материалы.

Бақтыгүл Қамбарова, көп балалы ана:

4 балам, күйеу балам, қызым тұрып жатырмыз. 6 кісі. Мына кішкентай жерде немереммен 7 кісі тұрып жатырмыз. Кейде ана туысымның үйіне барамын бір күн жатуға. Бір күні ана үйге барамын. Сөйтіп жүрмін, әр жерде қонып.

Бақтыгүл Қамбарова 4 баланы жалғыз асырап отыр. 9 жылдан бері пәтер жалдап келеді. Қазір 15 шаршы метрлік бөлмеде тұрып жатыр. Баспананы жалға алу ақысының жартысын мемлекет төлеп береді дегенді естіп, қуанған. Бірақ, үміті аз. Өйткені, үй кезегіне тұрмапты.

Бақтыгүл Қамбарова, көп балалы ана:

2013 жылы келгем Нұр-Сұлтан қаласына. Қанша рет тіркеуге қойып беріңізші деп «Жанұяға» бардым, оларға рахмет қойып берді, бірақ шығарып тастады. Содан 3 жыл болды ғой деп құжат апарып тапсырған едім, ол құжат сіздікі 3 жыл көрсетіп тұрған жоқ, 1 жарым жыл ғана болды деп 2 жылдық тіркеуімді алып тастап отыр. Сол тіркеуге бола мен үйдің кезегіне тұра алмай жатырмын.

Әтіркүл Құлпыбаеваның жағдайы да осыған ұқсас. Ол 2016 жылдан бері пәтер жалдап жүрсе де үй кезегіне тұрмаған. Ал, өзі ақша жинайын десе тапқаны 4 баланың тамағы мен киімінен артылмайды.

Әтіркүл Құлпыбаева, көп балалы ана:

Күнделіктіге істеймін 3 мыңға.
- Қандай жұмыс?
- Фарш тартам.
- Көп балалы ана ретінде пәтерге өтініш берген жоқсыз ба?
- Жоқ. Өйткені, бір рет барғанымда айтты сізге тіркеуге 3 жыл болу керек деді.

Яғни, бұл екі отбасы да жаңа бағдарламаға ілікпеуі мүмкін. Өйткені, оған тек кезекте тұрғандар қатысады. Тіпті, олардың 70 мың адам екені айтылды.

Мәселен, қазір үй кезегінде 590 мың адам болса, оның 210 мыңы әлеуметтік аз қамтылған. Соның ішіндегі 70 мыңының табысы әр адамға бөлгенде бір күндік күнкөріс деңгейінен, яғни 36018 теңгеден төмен.

Әзімбек Нәлібаев, ҚР ИИДМ Құрылыс және ТҮКШ істері комитетінің басқарма басшысы:

Бұл мәселе толығымен «Отбасы» банкіне берілетін болады. Жалға беруші мен екеуінің арасында келісім болады. Сол келісімді бізге өткізген жағдайда шығынның 50 пайызын мемлекет төлеп береді.

Бағдарлама мамырда басталмақ. Негізгі тетіктері сол кезде нақтыланады. Қазіргі ақпаратқа сүйенсек, төлемді алу үшін ЭЦҚ арқылы «Отбасы» банкінінің «Баспана маркет» платформасына кіріп, өтініш беру қажет. Өтініш қабылданса, арнайы шот ашып, сол шотқа жалға алатын соманың 50 пайызын салу міндет. Сонда мемлекет қалған 50 пайызды аударады. Жалға алатын пәтерге қойылатын талап бар. Мәселен, отбасында 3 адам болса 40 шаршы метрлік, 5 адамға – 60, 6 адамнан асса 80 шаршы метрлік үйді жалдауға болады.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

Осы 70 мың адамға қолдау көрсету үшін 50 млрд теңге қажет. Кезекте тұрған адамдардың санына байланысты бұл қаражат көлемі жыл сайын өзгеруі мүмкін.

Бағдарлама 2025 жылға дейін жалғасуы мүмкін екені айтылды. Ал, экономистер халықты тұрғын үймен қамту үшін мұны тиімді тәсіл деп айтуға ерте, дейді.

Мақсат Халық, экономист:

Мемлекет қазір енді әлеуметтік шиеленіскен жағдайды басу үшін осындай қадамға барған шығар деп ойлап тұрмын. Бірақ, енді ол тұрақты жыл сайын бола беретін болса онда жыл сайын 50 млрд теңге. Ол қазір 50 млрд теңге. Бірақ, ертең ең төменгі күнкөріс шегі 60-70 мың теңгеге дейін өссе, онда жаңағы 70 мың адам 150 мың одан да көп адам болуы мүмкін. Оған мемлекет 100 млрд теңге бөлуге дайын ба деген сұрақ туындайды.

Одан бөлек, бұл бағдарлама осал топтағы азаматтарға ғана арналған. Ал, баспана нарығы жалпыға ортақ екенін ескерсек, жалға алу құны қымбаттап кетпей ме?

Мақсат Халық, экономист:

Жалгерлік төлемнің жалпы қала бойынша бағасының артып кетуіне, өсіп кетуіне әсерін тигізуі мүмкін. Қазір мен мысалыға 80-100 мың теңгеге беріп тұрсам шартты түрде үйдің бағасын онда мен 120-150 мыңға көтере салам дегенге алып келуі мүмкін. Сонда оның салдары қандай болады?... Екінші мәселе бар. Тура сондай әлеуметтік жағдайы нашар, бірақ, кезекке тұра алмаған адамдар бар. Ондай азаматтар ше, олардың да жағдайы қиын. Оларға қалай көмектесуге болады?

Олар туралы біз басында айттық. Ал, жалғыз тұратын 63 жастағы Рая апа біз де ұмыт қалмасақ, дейді. 9 жыл бұрын инсульт алған ол қазір таяқпен жүреді. Жекеменшік жатақхананың 2-ші қабатында тұрады. Күнделікті дәрігерге бару үшін баспалдақпен мініп-түсуге бір қиналса, іште тағы қиналады.

Рая Бакиева, қала тұрғыны:

Әжетханасы қинайды. Сосын моншасы. Ақылы моншасы бар. Оған сенбіде бір түсем. Күнделікті жуыну өте қиын. Армандаймын үйім болса ғой шіркін-ау.

Рая апа үй кезегіне 2 жыл бұрын тұрған. Зейнеткер болғандықтан, жеңілдетілген ипотека пәтер ала алмайды. Сондықтан, осы бағдарламадан үмітті. Жартысын мемлекет берсе, жартысын зейнетақымнан төлеп, бірінші қабаттан пәтер жалдасам деп армандайды.

Амангелді Сейтхан


Бөлісу