Еліміздің өзге аймақтарында қыс күшіне мініп тұрса, түстік шаруалары қырыққабаттың алғашқы өнімін жинауға кірісті. Былтыр қара күзде егілген көкөніс қазір толық пісіп жетілген. Жиналған өнімнің алғашқы легі өз елімізден бөлек Ресейге де жөнелтілуде.
Биыл шаруаның еңбегі табысты болғалы тұр. Қар аз түсті. Қыс суық бола қойған жоқ. Жеңіл жамылғының астына егілген көкөніс көшеті тез тамыр байлады. Жиналып жатқан қырыққабаттың әрқайсысының салмағы 4 келіге дейін барады. Қазыбек Мақымовтың өнім жинауға кіріскеніне екі-үш күн болды. 9 гектар алқаптағы өнімді шетінен үзіп, көлікке тиеуде.
Қазыбек Мақымов, шаруа:Өзіміздің есебіміз бойынша 80 тонна. Мәскеудегі базармен келісім шартымыз бар. Фураға артып жібереміз. Өздері күтіп алады. Өздері ары қарай жайғастырады.
Жыл он екі ай тыным көрмейтін сырыағаштық диқандардың дені қазір қырыққабат егіп жатыр. Үш жүзден астам шаруашылық мың гектар жерден астам жерге көкөністің осы түрін егуде.
Сейілханның диқандықты кәсіп еткеніне 20 жылдан асты. Отбасымен жабылып жүріп алдымен жылыжайда қырыққабаттың тұқымынан көшет өндірді. Ашық алқапқа отырғызылып жатқан өнім енді екі айдан соң пісіп жетілмек.
Сейілхан Жарқынбеков, шаруа:Қырыққабатты ертерек ексек, мұнан кейін сәуір, мамыр айынан бастап екінші өнім егеміз. Ерте шықса бағаға да әсер етеді. Қанша ерте шықса, сонша қымбат болады.
Бір маусымда егістіктен үш рет өнім жиып алу аграрлық сала үшін де, шаруаға да тиімді болды. Былтыр 500-дей шаруашылық осы әдіспен пайдаға кенелген.
Әлайдар Әмірханов, Сарыағаш ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:Биылғы жылы 559 шарушалық жәр көлемі 1 мың 400 гектар осы жобаға қатысып, жұмыс жүргіземіз деген ниет білдіріп отыр.
Жаңашыл әрі тиімді тәсілдің арқасында былтыр Сарыағаш ауданында 478 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Бұл бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда 100 мың тоннаға көп.