Диқандар мол өнім алуды жоспарлап отыр

27.03.2019

Түркістан облысы Келес ауданының диқандары биыл жыл бойына егістікке үш рет көкөніс түрлерін отырғызып, одан мол өнім жинап алуды жоспарлап отыр. Былтыр жаңа әдісті тәжірибе ретінде сынап көрген олар табысты болған. Жердің бабы мен күн райының қолайлы кезеңін үйлестіре білген диқандар алдымен қырыққабат, одан соң картоп, ең соңында қызанақ пен қияр өсіріп көрді.

Ақпан айында ашық алқапқа егілген қырықабат қазір жапырақ орай бастаған. Бұл - көкөністің жылдам пісетін тұқымы. Жылыжайда өсірілген көшет жерге егілген соң 45 күнде пісіп-жетіледі. Диқандар алғашқы егін ретінде әдейі қырықабатты отырғызды. Өйткені ол ерте көктемдегі суыққа төзімді.

Әбдіәкім Қарабалаев, агроном:

- Бұршақ өнімдерін егеміз. Лобия секілді. Жиып алып қойып, кейіндеу сатса да болады.

Диқандар егіншілікті кластерлік жүйеге негіздеп отыр. Көкөніс көшеттерін арнайы жылыжайда өздері өсіреді. Биыл 10 мың түп көшет өндірілді. Келешекте оның санын 2 миллионға дейін жеткізу мақсаты бар. Тағы бір ерекшелігі көшеттер арнайы құтыларда өсіріледі. Бұл оны егістікке техниканың көмегімен отырғызуға мүмкіндік береді. Бұрынғыдай қол күшін қажет етпейді.

Бердияр Қалымбетов, ғалым, жоба жетекшісі:

- Кассеталық технологияның ерекшелігі аз орын алады. Көшетті машиналық технологиямен отырғызу үшін жарамды саналады. Тамырымен бірге өскен көшет ашық алқапқа егілгенде жақсы дамып, қысқа уақытта пісіп жетіледі.

Осы төңіректегі диқандар енді жаңадан жасақталып жатқан машина техникалық станцияның да қызметін пайдалана алады. Мұнда ғылыми жаңалықтарға негізделген тіркемелер мен агрегаттарды өздері құрастырып жатыр. Басты артықшылығы жерді қопсыту, өңдеу, көкөністі отырғызу секілді жұмыстар бір ғана техниканың көмегімен қабат атқарылады.

Бердияр Қалымбетов, ғалым, жоба жетекшісі:

- Ерте өнім алу үшін күз айында бұл агрегаттың өзі бір жүрістің өзінде жерді қопсытып аудармай, топырақтың астына минералды тыңайтқышты жолақтап салып өтеді. Бұл келесі жылы көктемде егіс егетін жолақтың үстіне түседі.

Бір маусымда жерден үш рет өнім жиып алу аграрлық сала үшін де, шаруаға да тиімді болмақ. Өнім көлемі артады. Мақта егуге қарағанда 4-5 есе табысты. Енді аймақта өнімдерді сақтауға арналған қоймаларды көбейту міндеті тұр. Ол үшін арнайы аграрлы индустриалды аймақ құрылды.

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу