Биыл халықаралық «Түркістан» газетіне - 20 жыл. 1994 жылдың 28 қаңтарында алғашқы саны Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың басшылығымен жарық көріп, сол уақыттан бастап күні бүгінге дейін мемлекеттік тілдегі маңдайалды сараптамалық басылым болып келеді.
Елдің саяси, экономикалық даму көрсеткішін айтып, халықтың әл-ауқатын үнемі назарда ұстады.
Бүгінде «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дәрежесіне көтерілді. Қазіргі таңда таралымы республиканың барлық аймақтарымен қоса, Ресей Федерациясын қамтып отыр. Ақпарат айдынында шыңдалған басылым өз мерейтойын атап өтті.
Газетті Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының орынбасары Алтай Әбибуллаев та құттықтады.
«Түркістан» газеті бүгінде - зиялы қауымның ой-пікірін еркін айтатын мінбер. Күллі түркі жұртының ақпарат айнасына айналды. Халықаралық басылым ретінде танылып, туған еліміздің тәуелсіздік жылнамасын жасауды қолға алды.
Газетті 20 жасымен құттықтап келген Бауыржан Байбек басылымның қоғамдағы беделіне ерекше тоқталды.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
Ауыл тақырыбын кеңінен көтеріп жатқа тұста Мемлекет басшысының редакцияға телефон шалып, қолдау білдіргенін газет журналистері әлі күнге мақтанышпен еске алады. Сонымен қатар, Президентіміздің кезінде көкейтесті мәселелер бойынша жазылған үш бірдей мақала бойынша Үкіметке тапсырма бергені де белгілі. Газет жұмысының үнемі жоғары назарда болғанын осыдан-ақ көреміз.
Ақпарат кеңістігінен ойып тұрып орнын алған «Түркістан» газеті республикада жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар мен жағымды жаңалықтарды бүгінде оқырмандарына тынбай жеткізуде. Ұжым халықаралық саясат мәселелерін де назарда ұстап отыр.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
Елбасы айтқандай, біз үшін көрші жұртпен экономикалық тұрғыда тығыз байланыста болу - өмір заңдылығы, отандық бизнеске үлкен нарық кеңістігін ашу, яғни, экономикамыздың өміршеңдігін, мемлекет қуаттылығын ұзағынан ету жолы. Осы тұрғыдан алсақ, біз үшін басты мәселе - ішкі ынтымағымыз. Әлемдегі жағдайды ескерсек, біз әрдайым бірліктің, ынтымақтың ерекше үлгісін көрсете білуіміз керек.
10 мың тұрақты оқырманы бар «Түркістан» - халыққа қажетті басылым. Сондықтан, ақпарат айдынында бәсекеге қабілетті, оқырманына жан-жақты талданған шынайы материалдар ұсынуы қажет.
«Келешекте де аға буынның сара жолын жас тілшілер жалғастырып, еліміздің басты құндылығы - Тәуелсіздікті нығайтуға қызмет етуі тиіс» -деді, мерейтойға жиналған зиялы қауым.
Айгүл ЕРМАХАН