Қытайда Олимпиада қарсаңында коронавирус өршіді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайда Олимпиада қарсаңында коронавирус өршіді

31.01.2022

Қытайда қысқы Олимпиада қарсаңында коронавирус жұқтырғандар саны өсті. Осыған орай Бейжіңнің жекелеген аудандарында локдаун енгізілді. Шаһар тұрғындары ковидке тексерілуге тиіс. Сонымен бірге Олимпиада қатысы бар 34 тұлғадан осы вирус анықталды. Олардың 13-і - атлет.

Соңғы 24 сағатта Түркияда коронавирус жұқтыру бойынша антирекорд тіркелді. Індет 95 мыңға жуық адамнан табылған. Соңғы апталарда вирустың өршуіне «омикрон» штамының жылдам таралуы себеп болды. Дегенмен елдің денсаулық сақтау министрлігінің сөзінше, «омикрон»  жеңіл өтетіндіктен, алаңдауға негіз жоқ.

Ресейде коронавирус жұқтырғандардың саны 120 мыңнан асты. Бұл - пандемия басталғалы бергі ең жоғары көрсеткіш. Індет Мәскеу, Петербург және Мәскеу облысында көптеп тіркелген. Жалпы, «омикрон»  штамы елдің 85 өңірінің 78-де анықталып отыр.

Чехияда да «омикрон»  өршіп, коронавирус жұқтырғандар саны күрт артты. Бұған қарамастан мыңдаған адам карантин шараларына қарсы шеруге шықты. Наразы топ Прага орталығына жиналып, үкіметке қарсы ұрандар тастады. Олар пандемия кезіндегі шаралардың тым қатаңдығын сынға алған.

Бельгия астанасы Брюссельде тұрғындар үкіметтің коронавирусқа қатысты шектеу шараларына қарсы шеруге шықты. Олар вакциналауды міндетті етпеуді талап етті. Наразылық акциясына қатысушылардың пікірінше, әркімнің өз таңдауы болуы тиіс. Қазір ел ковидтің бесінші толқынын басынан өткеріп жатыр. Алдағы күндері мұнда індет өршуі мүмкін. 

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу