Ресей қарулы қақтығыстардың болуын қаламайды. Алайда өз мүддесінің еленбеуіне де жол бермейді. Елдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров осылай деп мәлімдеді.
Дипломаттың сөзінше, Батыс елдерімен қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты келісе алмаса, Ресей де тартынып қалмайды. Айта кетсек, сәрсенбіде НАТО мен АҚШ Ресейдің желтоқсанда жіберген талаптарына жазбаша жауап берді. Мәскеудің талаптарының бірі Украинаны әскери альянсқа қоспау болатын.
Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:
Ресей Федерациясы соғыстың болуын қаламайды. Американың берген жауабы - дипломатиялық әдептіліктің үлгісі дерлік. Ал НАТО-ның жауабы идеологияға негізделіп, солтүстік атлантикалық альянстың айрықша екенін көрсетуді мақсат қылған.
Өз жауабында солтүстікатлантикалық альянс ашық есік саясатынан бас тартпайтынын мәлімдеді. НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Мәскеуден Украина, Грузия мен Молдовадағы ресейлік әскерді шығаруды талап етті. Айтуынша, олар аталған мемлекеттердің аумағына рұқсатынсыз шоғырландырылған.
Ресей Украинаға басып кірсе, «Солтүстік ағын-2» жобасы тоқтатылады
Батыс елдері Ресей Украинаға басып кіруі мүмкін деп қауіптенеді. Шабуыл бола қалса, АҚШ пен оның одақтастары Ресейге қатаң санкциялар жариялайтынын ескертті. «Солтүстік ағын-2» газ құбыры жобасын тоқтатуға дейін бармақ.
Дегенмен Мәскеу посткеңестік көршісіне шабуыл жоспарлағанын жоққа шығарды. Батыс пен Ресей арасында жақында болған келіссөздер нәтижесіз аяқталды. Бүгін Франция президенті Эммануиль Макрон Ресейлік әріптесі Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, қалыптасқан жағдайды талқылайды.
Арай Төлегенқызы