Мәскеу АҚШ пен НАТО-ның Ресейдің талаптарына қатысты ұсыныстарына кешенді жауап бермек. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров осылай деп мәлімдеді. Дипломаттың айтуынша, АҚШ-тың ұсыныстарында салмақты әңгімеге жол ашатын тұстары бар. Дегенмен, олардың барлығы екінші кезектегі мәселелерге қатысты. Министр Вашингтон Мәскеудің басты талабы, яғни НАТО-ның шығысқа кеңеймеуіне қатысты оң жауап берген жоқ деп мәлімдеді.
Бұған дейін Құрама Штаттар Ресейдің бұл талабын орындау мүмкін емес екенін айтты. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің мәлімдеуінше, НАТО ашық есік саясатынан бас тартпайды.
Соңғы уақытта Ресей мен Батыс елдері әскери белсенділікті күшейтті. Жаттығулар теңізде де, құрлықта да өтіп жатыр. АҚШ пен оның одақтастары Ресей Украинаға кез-келген уақытта басып кіруі мүмкін деп қауіптенеді. Олар Ресейдің Украинамен арадағы шекараға ондаған мың жауынгерін шоғырландыруына алаңдаулы. Мәскеу шабуыл жасау жоспарда жоқ деп үнемі қайталап келеді.
Айта кетері - кеше Парижде «Норманд төрттігінің» кездесуі өтті. Германия, Франция, Ресей және Украина президенттерінің кеңесшілері Донбаста оқ атуды тоқтату режимін сақтауға келіскен. Келіссөздер екі аптадан кейін Берлинде жалғасады.