Оңтүстік Кореяда коронавирус жұқтырудан антирекорд тіркелді. Пандемия басталғалы бері алғаш рет бір тәулікте ковид жұқтырғандардың саны 8 мыңнан асқан. Елде «омикрон» штамы жылдам таралып жатыр. Ал қатаң шектеу шаралары желтоқсаннан бері жеңілдетілген жоқ. Адамдар әлеуметтік арақашықтық ережелерін сақтауға міндетті. Бұл шара ауруханаларға түскен салмақты жеңілдетуге бағытталған.
Жапонияда да эпидахуал нашарлады. Осыған орай ел үкіметі коронавируспен күресті күшейту туралы шешім қабылдады. Шектеу шаралары ел аумағының 70 пайызына тарайды. Бұған дейін карантин 16 префектурада күшейтілсе, енді оған тағы 18 префектура қосылды. Елде соңғы тәулікте 60 мың адамнан ковид анықталған. Жағдайды «омикронның» жылдам тарауы ушықтыра түсті. Шектеу шаралары ақпанның 20-на дейін күшінде болады. Бұл уақытқа дейін адам көп қатысатын шараларды өткізуге тыйым салынып, қоғамдық тамақтану орындары мен басқа да мекемелердің жұмыс уақыты шектелді.