Басты Жаңалықтар Денсаулық сақтау министрі той мен еске алу, спорттық шаралар шектеусіз өткізіле беретінін жеткізді

Денсаулық сақтау министрі той мен еске алу, спорттық шаралар шектеусіз өткізіле беретінін жеткізді

Елімізде карантин талаптары жеңілдетілді. Бүгін Үкіметте Денсаулық сақтау министрі той мен еске алу, спорттық шаралар шектеусіз өткізіле беретінін жеткізді. Әрі ашық қосымшасында мәртебесі «көк» азаматтарға да біраз жеңілдік жасалып отыр. Ал карантинде отыру мерзімі 14-тен 10 күнге қысқартылды. Толығырақ тілшіміз айтсын.

Пандемиядан шатқаяқтаған экономика енді қалпына келе бастады. Сол үшін Президент Үкіметке бизнестің дамуына кедергі келтірмеу керектігін айтқан еді. Карантин талаптарын қайта қараған ведомствоаралық комиссия мынадай жеңілдіктер жасап отыр.

Барлық объектілерде жұмыс уақыты бойынша шектеулер алынды. Әрі салтанатты кештер мен еске алу, спорт іс-шаралары, көрмелер, форумдар шектеусіз өткізіледі. Тек келушілердің мәртебесі «жасыл» болуы тиіс. Ал мәртебесі «көк» азаматтарға қонақ үйлерге, әуежайларға, темір жол, автовокзалдарға, халыққа қызмет көрсету орталықтарына,банктерге, қоғамдық тамақтану орындарына, жабық базарларға, білім беру ұйымдарына, СПА- орталықтарға, сән салондарына шектеусіз кіруге рұқсат етіледі.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Пандемияның бүкіл кезеңінде бизнестің барлық саласында карантиннің мұндай кең ауқымды жеңілдігі болған жоқ. Бұл өз кезегінде белгіленген қауіпсіз жұмыс алгоритмдерін орындау жолында бизнестің ерекше жауапкерлігі мен адалдығына сенім артады. Ал егер денсаулық сақтау жүктемесі арту қауіпі туғанда және коронавирустан өлім-жітім артса, қосымша шектеу шаралары енгізіледі.
Яғни карантиннің жеңілдеуін кәсіпкерлерді қолдау деп түсіну қажет. Өйткені эпидахуал жақсара қойған жоқ. Өткен аймен салыстырғанда індеттің таралуы 11 есе өсті. Кеше он мыңға жуық адам короновирус жұқтырған. 400-ден астам науқастың жағдайы ауыр. 70 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Сол үшін бизнес пен бұқара санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс.
 Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Ведомствоаралық комиссия Атамекен палатасымен бірге мемлекет басшысының бизнеске арналған карантиндік шектеулерді қайта қарау жөніндегі тапсырмасын ескере отырып, тиісті шараларды әзірлеуі қажет. Бизнестің жұмысына бөгет жасамай, туындаған проблемаларды бірлесіп шешуіміз керек.
Қазір 9 млн 700 мың адам вакцина алды. Бұл екпе алуға жататын халықтың 80 пайызы. Ал бір миллион адам ревакцина жасады. Бірақ Маңғыстау мен Қостанай облыстарында екпе егу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Премьер ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін вакциналау қарқынын күшейту қажет деді.
Досжан Маратұлы, тілші:
Сондай-ақ мектептерде санитарлық талаптардың сақталуын бақылау күшейеді. Өйткені тұмау мен коронавирус балалар арасында да өршіп тұр. Әсіресе үші ірі қаладағы білім ордаларында ахуал күрделі. Сол үшін Денсаулық сақтау министрі карантин ережесін бұзған мектеп оқушыларының оқуын онлайн форматқа ауыстыру қажет деп отыр.

Бөлісу