Қарағанды облысында кеншілер мен металлургтерге пайызы төмен ипотека беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында кеншілер мен металлургтерге пайызы төмен ипотека беріледі

25.01.2022

Қарағанды облысында кеншілер мен металлургтер үшін үстемесі жеңілдетілген ипотека беріледі. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран және Абай қалаларындағы шахталар мен комбинат жұмысшылары үшін өңірлік бюджеттен бір миллиард теңге бөлінді. Жеңілдетілген ипотека 5 жыл бойы жүзеге асырылады. Жергілікті билік бұл бастаманы «Отбасы банкімен» бірлесіп қолға алған. Несие үстемесі 5%. Қарыз бастапқы жарнасыз 19 жылға дейін беріледі. Бағдарлама аясында үміткерлерді неғұрлым көбірек қамту үшін пәтер құны 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Жалпы облыста 2021 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 662 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл шамамен бес мың пәтер. Ал биыл 8 мың пәтер салу жоспарланған. Жаңа бағдарлама негізінде шахтерлар мен металлургтерге биылдың өзінде шамамен 70 пәтер беріледі.

Ұлантай Үсенов, Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

Тізімдерді жергілікті кәсіподақ комитеттері жинақтап, оны біздің «Отбасы банкіне» тапсырады. Өздерінің қаражаттарына байланысты жаңағы банк тексеріп, ипотекаға үй ала алады.Ол бірінші немесе екінші дәрежедегі үйден болуы мүмкін. Екеуі бойынша да алуға болады.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу