Бірнеше күннен бері Түркияның барлық өңірлерінде қалың қар жауып, көлік қатынасы қиындады. Жүздеген адам жолда қалып, әуе рейстері шегерілді. Мамандардың айтуынша, дәл осындай қалың қар соңғы 25 жылда жаумаған. Қазір елдің барлық коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Ауа райының қолайсыздығы тағы қандай қиындықтар туғызды екен?
Ол туралы бізбен тікелей байланысқа шығып тұрған Түркиядағы әріптесім Айдос Әшімұлынан білейік.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Иә, Түркияда бірнеше күннен бері толассыз жауған қар халықты әжептәуір әбігерге салды. Әдетте, қысы жылы Ыстамбұлда қала ішіндегі жүріс-тұрыс қиындап, былайғы уақытта да ұзын-сонар көлік кептелісі енді тіпті күшейіп кетті. Елдің күллі аумағында қолайсыз ауа райы болғандықтан, қалааралық авто және кеме қатынасы тоқтатылып, 100-ге жуық әуе рейсі кейінге шегерілді. Босфор бұғазы арқылы өтетін жүк кемелердің де жүруіне тыйым салынды. Елдің ең ірі 2 қаласы – Анкара мен Ыстамбұл арасындағы күрежол көліктің барлық түрі үшін жабылды. Себебі кешелі бері бұл жолдың бойында бірнеше ірі жол апаты болып, 20-дан аса адам жараланып, 4 адам көз жұмды. Дәл қазір коммуналдық қызметтер күн-түн демей қармен алысып жатыр. Ал, қардың кесірінен жолда қалғандарға жатын орын даярланып, ыстық тамақ таратылуда. Бірнеше ірі қалада мемлекеттік қызметте істейтін егде жастағы және мүмкіндігі шектеулі адамдар мен аяғы ауыр әйелдердің жұмысқа шықпауына рұқсат берілді. «Қар әлі 1 апта жауады, ал одан кейінгі күндері ел аумағында күн қатты суытады», - дейді синоптиктер. Сондықтан халықты алыс жолға шықпауға және мүмкіндігінше үйде отыруға кеңес берді мамандар. Қолайсыз ауа райына қатысты менің айтарым осындай.