Бүгіннен бастап елде төтенше жағдай режимі аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгіннен бастап елде төтенше жағдай режимі аяқталды

19.01.2022

Бүгіннен бастап елде төтенше жағдай режимі аяқталды. Әйтсе де елордадағы үкіметтік ғимараттарда күшейтілген тәртіп сақталады. Бірқатар өңірлерде лаңкестікке қарсы операциялар жалғасып жатыр. Полиция құжаттарды тексеріп, көліктерді тінтіп, қаруларды тәркілеп, рейд өткізуге құқылы. Төтенше жағдаймен бірге коменданттық сағат та тоқтатылды. Алайда, осы аралықта елорда маңындағы блокбекеттер мен қала ішінен 7 атыс қаруы мен оқ-дәрілер, 72 суық қару табылған. 10-нан астам есірткі қылмысының жолы кесілді. 651 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заңды өрескел бұзған 42-сі қамауға алынды. 198 адамға айыппұл салынса, қалғанына ескерту жасалды. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 76 шетелдік азамат елден шығарылды.

Ержан Саденов, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің басшысы:

Полицейлер жергілікті-рейдтік іс-шараларды өткізу барысында «коменданттық сағат» режимін бұзып, қызметін жалғастырған көңіл көтеру мекемелері анықталды. Нәтижесінде 64 кәсіпкерлік субъектісінің жұмысына тосқауыл қойылды. Сондай-ақ алкогольдік өнімдерді сатқан-сатпағанын анықтау үшін дүкендерге де тексеріс жүргізілді. Төтенше жағдай кезеңінде «102» арнасына келіп түскен қаңыраулар саны артты. Олардың басым көпшілігі анықтамалық сипатта болды. Қылмыс пен өзге де құқық бұзушылықтың саны едәуір азайды.


Хабарламаларға жазылу