Нұр-Сұлтанда Ұлттық ұланға қабылданған 800-ге жуық сарбаз әскери ант қабылдады. Олар бірнеше ай жауынгерлік даярлықтан өткен. Сарапшылар әскерге өз еркімен келетін жастардың санын арттыру керектігін айтуда. Оларды отан алдындағы борышын өтеуге ынталандырып, жігерін жанып отыру да маңызды. Сондықтан мемлекет басшысы айтқан қорғаныс пен құқық қорғау саласын түбегейлі реформалау - кезек күттірмейтін мәселе дейді. Сарапшылармен Сәбит Әлдебай сұхбаттасып қайтты.
Мемлекет басшысы ел тұрғындары қай кезде болмасын көшеде емін-еркін жүріп, өздерін қауіпсіз сезінуі тиіс деді. Қаралы қаңтар оқиғасы қайталанбас үшін құқық қорғау жүйесі мен әскери саланы түбегейлі өзгерту қажет. Ол үшін полиция мен әскер жоғары деңгейдегі жауынгерлік дайындықта болуы шарт. Әрі әскерді қажетті техника мен құрал жабдықтармен қайта жарақтау маңызды.
Амангелді Құрмет, әскери сарапшы:
Бұл күш құрылымдарының өз ішіндегі түрлі техникалық жарақтандырудан бастап, мамандардың кәсібилігіне дейін тіпті олардың адамгершілігіне дейін назарға алатын уақыт келгендей көрініп тұр. Сол себепті әзірге балапанды күзде санайды демекші бұл кемінде 5 жылда алатын реформа, жан-жақты зерттеліп сараланып жасалатын реформа.
Мемлекет басшысы түрлі діни экстремистік топтармен күресті күшейту керек екенін айтты. Ел тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау үшін барлық күш құрылымдары бірлесе әрекет етуі қажет. Қайғылы оқиғалар кезінде барлық күш құрылымдарында ортақ әрекет етудің жоқтығы бірден байқалды дейді сарапшылар.
Жаңа реформа халыққа қауіп төнген жағдайда әскер өз еркімен шешім қабылдап, бейбіт тұрғындарды аман сақтаудың қамына кіресетін заң тетігін қарауды көздейді. Бұл тұрғыда әскери басшыларға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Әскери саланы реформалаудың басым бағыттары алдағы уақытта айқындалады.