Елордаға бағанасыз LRT керек – Урбанист - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордаға бағанасыз LRT керек – Урбанист

12.01.2022

Елордаға жеңіл рельсті транспорт керек. Бірақ ол қазіргісі сияқты аспалы жол арқылы емес, бағанасыз, яғни жерүсті рельсі арқылы жүруі керек дейді урбанистер.

Президент кеше LRT жобасын сынай келе, оны пайдаланудың енді басқа нұсқаларын анықтау үшін сәулетшілер мен урбанистерді шақыру қажеттігін айтқан. Біздің тілші сондай мамандардың пікірін тыңдап қайтты.

Келешекте астанада автобустан өзге қоғамдық көлікке сұраныс туатыны заңдылық. Себебі қала халқы өсіп келеді дейді сәулетші Аманжол Чиканаев.

Аманжол Чиканаев, сәулетші:
Қаламызда халықтың саны 1 млн асты. Енді 4-5 жыл ішінде 1,5-2 млнға жақындайды. Бұрынғы совет кезіндегідей 1 млн халық асса, онда метро жасау керек. Немесе LRT. Жобаны жалғастыра беру керек. Ескі вокзалдан сол жағалауға істесе, жақсы болар еді.

Урбанист Ерлан Әукенов те бәрібір қалаға жеңіл рельсті көлік қажет екенін айтады. Бірақ ол LRT бағанасыз болуы керек деген пікірде.

Ерлан Әукенов, Q88 Қазақстан урбанистер қауымдастығының төрағасы:
Мәселе LRT-ның қайда және қалай салынуында. Әрине, мұндай көлік халық тығыз орналасқан, жүріс-тұрысы көп аудандардан өтуі керек. Мысалы, елорданың оң жағалауы, Республика, Сарыарқа даңғылдарынан. Әрі ол эстакадасыз салынуы керек, қарапайым пойыз секілді. Сонда әлдеқайда арзанға шығады. Ал құйылып қойған бетон бағаналарды енді бұзып тастаса да болады.

LRT бағандарын кәсіпкер Айдын Рахымбаев өз компаниясы есебінен бұзуға әзір екенін желідегі парақшасында жазды. Ал кей қоғам өкілдері оны аллеяға не веложолға айналдыруға болатынын айтып жатыр.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу