Бүгін шетелдердегі Қазақстан елшіліктерінің ғимараттарында Мемлекеттік ту төмен түсірілді. Елден жырақта жүрген жерлестеріміз бен қандастарымыз аза тұтып, жаппай тәртіпсіздік кезінде опат болған тәртіп сақшылары мен бейбіт тұрғындардың қазасына көңіл айтты.
Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде де туымыз Мәскеу уақытымен 21:00-де төмен түсірілді. Дипломатиялық өкілдіктің алдына қазақ диаспорасы, студенттер, ресейліктер келіп, қайғыға ортақтасты. Олар жақындарынан айырылғандардың отбасыларына көңіл айтты.
Сәуле Жанәлі, қазақ диаспорасының өкілі:
Біз осы Мәскеуде тұрамыз. Бірақ біздің жүрегіміз Қазақстанда, елімізде. Қазақстанға тек тыныш күндер тілейміз. Осындай қара күндер болмасын, аспан ашық болсын, халқымызға бірлік берсін. Біз осындай жаңалықтарды көріп, жыладық, үш күн бойы түнімен жыладық. Осындай күн қайталанбасын.
Жалпыұлттық аза тұту күнінде Киевтегі қазақстандықтар да жерлестерінің қайғысына ортақтасып жатыр. Олар Украинадағы елшілік ғимаратына келіп, гүл шоқтарын қойды.
Алмагүл Кенжебаева, Украинадағы қазақ диаспорасының өкілі:
Жүрегіміз ауырып, не ұйқы, не күлкі жоқ. Неше күннен бері туған-туыстарымызбен хабарласа алмай, таныстар арқылы хабарласып, әйтеуір амандығын біліп, бүгін сол көңілімізді білдірейік деп келдік. Қазақ елімізде бейбітшілік болсын.
Ал бауырлас мемлекет Түркияның Анкара мен Ыстамбұл, Анталия қалаларындағы дипломатиялық өкілдіктерінде Қазақстанның Мемлекеттік туы төмен түсірілді. Қаралы күнде жиналған қандастарымыз қаза болған шейіттерге құран бағыштап, халқымызды сабырға шақырды.
Еліміздің Бельгиядағы елшілігі мен осындағы қандастарымыз да аза тұтып жатыр. Виртуалды көңіл айту кітабы ашылып, жергілікті саясаткерлер мен дипломаттар халқымызды сабырға шақырды. Көк туымыздың төмен түскенінін көрген тұрғындар да елшілік маңына жиналып, қайғыға ортақтасып жатыр.
Жан де Брабанде, Брюссель дипломатия академиясының кеңесшісі:
Мен сіздермен бірге қайғырып отырмын. Бүлікшілердің кесірінен шейіт болған бейбіт шерушілер мен тәртіп сақшыларының отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Қазақстан – Орта Азиядағы экономикасы дамыған, саяси тұрақты көшбасшы мемлекет. Сондықтан халық пен билік осы оқиғадан сабақ алып, бейбіт өмірге қайта оралады деп сенемін.
Осылайша әлем елдері қиын-қыстау кезеңде қолдау білдіріп, қазақстандықтармен бірге екенін жеткізді. Бүлікшілер жазаланып, халықтың бұрынғыдай бейбіт өмірге оралуын тіледі.