Шымкентте лаңкестік және жаппай тәртіпсіздік әрекеттерін жасады деген күдікпен 400-ден астам адам ұсталды. Олардың 155-не қатысты әкімшілік, 50-не қылмыстық іс қозғалды. Құзырлы органдардың сараптауы бойынша, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылардың жартысынан көбі республикамыздың өзге аймақтарынан әдейі жиналғаны белгілі болып отыр. Олар тек қоғамдық мүлікті қиратуды мақсат еткен және тонаумен айналысқан. Шеруден басталып, соңы бұзақылыққа ұласқан қақтығыстарда 17 тәртіп сақшысы жарақат алған. Одан бөлек, полицияның 57 қызметтік көлігі толығымен жанып кетті. Мәдени нысандар мен бизнеске келген шығын әлі де нақтылануда. Қала әкімі шаһар аумағына орнатылған бейнекамералар бұзақыларды тез анықтап, оларды ұстауға мүмкіндік бергенін айтады. Қазір қалада аймақ басшысының жетекшілігіндегі жедел штаб күшейтілген тәртіппен жұмысын жалғастырып жатыр. Антитеррорлық іс-шаралар жалғасуда.