Демалыс күндері «Қазақстан дауысы» жобасының жеңімпазы анықталды. Бас жүлдені Қызылорда облысының тумасы Құралай Мейрамбек жеңіп алды. Әлемнің 140 елінде көрсетілген әйгілі «The Voice» телешоуының қазақстандық нұсқасына қатысуға 6 мың үміткер өтінім берді. Елді ғана емес, шет мемлекеттерді де қамтыған мегажоба «Қазақстан дауысына» Қытай, Украина, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген әншілер де қатысты. Мыңдаған өнерпаздың ішінен 64-і іріктеліп, 4 тәлімгерге тең бөлінді. Бұдан соң әншілер жекпе-жек, жарға жығу кезеңдерінен өтіп, жартылай финал, финалға өтті. Финалда 4 қатысушының ішінен жеңімпазды халық смспен дауыс беру арқылы таңдады.
Құралай Мейрамбек бас жүлдені жеңіп алса, Ерік Төленов екінші, Ернар Амандық үшінші, ал Аружан Айдарбек төртінші орынға ие болды. Құралай Мейрамбек «Қазақстан дауысы»-ның көрмей таңдау кезеңінде «Қорқыт-қобыз» әнімен The Voice шоуының әлемдік рейтингіне де енген еді. Ал финалда жас әнші Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған «Толғау» шығармасын орындады. Сондай-ақ, тәлімгері Сәкен Майғазиевпен бірге «Арман-ау» халық әнін шырқады. Жеңімпаз анықталған сәтті Құралайдың ауылдастары далада үлкен экраннан тамашалап, бірге қуанды.