Алматылық дәрігерлер: Жасөспірімдерді вакциналау маңызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық дәрігерлер: Жасөспірімдерді вакциналау маңызды

22.12.2021

Алматыда 19 мыңға жуық жасөспірімге екпе егілді. 12 жастан асқан балаларды коронавирусқа қарсы вакциналау жалғасуда. Педиатр дәрігерлердің сөзінше, жасөспірімдер – гормондық қайта құрылымдау жүріп жатқан балалардың ерекше тобы. Сондықтан оларда ауру қауіпті болуы мүмкін. Коронавирус салдарынан балаларда ішкі ағзаларға әсер ететін көп жүйелі Кавасаки қабыну синдромы пайда болуы ықтимал. Бұл ретте жеткіншектерді вакциналау өте маңызды, дейді алматылық дәрігерлер. Қаладағы жаппай вакцинациялауға келсек, бір тәулік ішінде 2 компонентті 3700 адам салдырған. Pfizer екпесі 25 469 адамға, оның ішінде емізулі баласы бар 5 мыңнан аса әйелге және 1 400 жүкті келіншекке егілді.

Роза Бекбаева, қалалық №14 емхананың бөлімше меңгерушісі:

Жүкті әйелдер вакцинаны 16 апта мен 37 апта аралығында салдырады. Біз оларды қадағалаймыз. Алдымен вакцина салдырмас бұрын олардың анализін жинайды, вакцина салдырған соң жарты сағат емханада болады. Келесі үш күн бойы біз олармен тығыз байланыста боламыз.

Мегаполистегі эпидахуал тұрақты

Айта кетейін, қазір Алматыдағы эпидахуал тұрақты. Соңғы тәулікте қалада 35 адам коронавирус жұқтырған. Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, инфекциялық стационарларда 133 науқас, оның ішщінде 6 бала емделіп жатыр. 24 пациенттің жағдайы ауыр, олар реанимация және қарқынды терапия бөлімінде. 4 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу