Ақмола облысы «жасыл» аймақта - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысы «жасыл» аймақта

21.12.2021

Ақмола облысы коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «жасыл» аймаққа ауысты. Өңірде соңғы күндері індет жұқтыру көрсеткіші азайған. Өткен аптада тәулігіне 60-65 науқас тіркелсе, кеше 39 адамның дертке шалдыққаны анықталды. Десе де, 19 ауданның 8-і әлі де «қызыл», төртеуі «сары» аймақта. Облыста карантиндік шектеулер әзірге жеңілдетілмейді. 325 мыңға жуық ақмолалық екпе алған. Бұл - вакцина алуы тиіс тұрғындардың 68 пайызы.

Айнагүл Мусина, Ақмола облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы:

Қарашадан бері екпе алу көрсеткіші жоғарылады. Оның алдында тәулігіне 400-500 адам вакцина салдырса, қазір күніне мың адам екпе алуда. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Бір ғана мысал: қазір жансақтау бөлімінде жатқан 36 науқастың бәрі вакцина алмағандар. Індетті жеңудің жалғыз жолы - екпе алу екенін түсінуіміз қажет.

Байқоңырда карантиндік шектеу ұзартылды

Байқоңыр қаласында індетке қарсы карантиндік шектеулер 16 қаңтарға дейін ұзартылды. Қала басшылығы вирустың жаңа мутациясынан сақтану үшін тұрғындарға санитарлық талаптарды қатаң сақтау керек екенін ескертеді. Дегенмен шаһарда кейбір шектеулер біршама жеңілдетілген. Мәселен, жабық спорттық кешендерге кіру үшін енді байқоңырлықтарға медициналық тексеруден өткені туралы және вакцина алғаны жөнінде құжат көрсету міндетті емес. Ал қоғамдық орындарға арналған талаптар өзгеріссіз қала береді.

Ермек Елберген


Хабарламаларға жазылу