14.12.1991 жыл: «ҚР Тәуелсіздігі туралы» заңды талқылау басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

14.12.1991 жыл: «ҚР Тәуелсіздігі туралы» заңды талқылау басталды

14.12.2021

1991 жыл, 14-желтоқсан. Қазақ елі тәуелсіздігін жария етуге 2 күн қалған болатын. Осыдан 30 жыл бұрын Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды талқылауды бастады. Бұл – заманның да, уақыттың да талабы болатын. Тарихи құжатты дер кезінде қабылдау аса маңызды еді.

Құжатты талқылау Одақ аясында саяси дүрбелең кезінде жүзеге асып жатты. Сондықтан, қазақ халқы үшін тағдырлы болып есептелетін саяси-құқықтық заңды әзірлеу батылдық пен тәуекелдің қадамы еді. Ұзаққа созылған пікірталастан кейін, құжатты түпкілікті қабылдау мәселесі - 16 желтоқсанға кейінге шегерілді.

Амангелді Айталы, Мемлекет және қоғам қайраткері:

Тарихтан білеміз ғой. 60-жылдары мына Африка елдері тәуелсіздік алды. Күні бүгінге дейін көптеген мәселелері шешілмеген. Біз де сол Африка елдерінің жолын құшып, кемшін мемлекет болып қалмаймыз ба деген түрліше ой-пікір болды. Оны да жасырмайық, ол да болды». 

14.12.1991 жыл: Нарықтық экономикаға көшудің алғашқы қадамдары

Осы күні Ташкентте Өзбекстан мен Қазақстан арасында 1992 жылға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл – нарықтық экономикаға көшу мен республикалардың өзара қарым-қатынас орнатудағы алғашқы қадамдары еді.

Ахметжан Есімов, 1991-1992 жж. Алматы облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы:

«Инфляция 2000-2300 процентке дейін жетті. Ақша күнде құнсызданып отырды. Бүгін ол ақшаға бірдеме алуға болса, ертең түкке тұрмайтын болды. Қағазға айналып кетті құр әшейін. Сондай кезеңдер болды. Ол кезде мына «бартер» деген сөз, кең тараған сол бартер болды. Айналым, тауарды тауарға ауыстырып алу». 

Нарықтық экономикаға көшу – ұзақ, күрделі және қайшылықты жол. Саяси әрі экономикалық еркіндік алуға қадам басқан Қазақстан үшін дербес дамудың жолдарын меңгеру міндеті тұрды.

Қуаныш Айтаханов, 1990-1993 жж. ҚР Жоғарғы кеңесінің депутаты:

«Бірден біз нарықтық экономикаға көшіп кете жаздаған жоқпыз әрине. Біз бірте-бірте өттік. Оның бәрін біз түсінген жоқпыз. Жоғарғы Кеңестің депутаты бола отырып түсінген жоқпыз. Сол кезеңдердің өзінде бізді шет елдің осы саланы білетін мамандары келіп, лекция оқып, түсіндіру мәселелерін жүргізіп жатты сол кезде».

Нарықтық экономиканың көшін ілгерілету үшін Қазақстан жарты айдан кейін, яғни 1992 жылдың қаңтарынан бастап бағаны ырықтандыруға және мемлекет меншігін жекешелендіруге кірісті.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу