Түркістан облысында жанармай тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жанармай тапшы

09.12.2021

Түркістан облысында апта басынан бері жанар-жағармай тапшы. Қазір өңірдің май құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек. Көп бекеттерде бензин мен дизель отыны жоқ, барлары тек талонмен беріп жатыр. Ал жергілікті билік мұның себебін Павлодардағы мұнай өңдеу зауытының уақытша жөндеуге тоқтап тұруына байланысты деп отыр. Қазір өңірге бензин тек Шымкенттегі зауыттан жеткізіліп жатыр. Үлкен жанармай бекеттеріне өз компаниялары тасымалдап берсе, кішігірім станцияларға жанармай жеткізу қиындық туғызуда. Өйткені кәсіпкерлер күре жолдың ақылы болуын және дизель отынының қымбаттығын алға тартады. Тапшылықты пайдаланып, кей бекет қожайындары жанармайды 30-40 теңгеге қыбаттатып жіберді. Қазір бұған қатысты тексеру шаралары басталды.

 Қамбар Балқыбеков, жүргізуші:

 Бес бекетке бардым, бесеуінде де бензин жоқ. Біреуінде кезек көп, анау көшеге дейін шығып кеткен. 

Рашид Аюпов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:

 Кеше де, бүгін де келісімсөздер жүрді. ШНОС біздің облысымыз үшін көбірек беретін болды. Бүгін Энергетика министрлігі мен ШНОС-тың айтуына қарағанда екі күн ішінде толық мәселенің барлығын шешеміз дейді. Ары қарай демалыс күніне қарай Шардара мен Мақтаарал сол жаққа да жеткізіп бітетін болады.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу