Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы биыл 680 млн доллардан асты

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы биыл 680 млн доллардан асты

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы биылғы 9 айда 680 млн доллардан асты. Бұл былтырғымен салыстырғанда 9 пайызға көп. Асқар Мамин Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Қырғыз Үкіметінің басшысы Ақылбек Жапаровпен келіссөз жүргізді. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық, транзиттік-көлік, әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Екі ел өзара сауда айналымы көлемін 1 млрд долларға дейін жеткізуге ниетті. Қазақстан - Қырғыз экономикасының ірі инвесторларының қатарында. Екі елдің шекарасында 7 бірдей бақылау-өткізу пункті жұмыс істейді.

Кездесу барысында екі ел министрліктері «Қарасу» және «Ақтілек» өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешенді, сондай-ақ Қырғыз Республикасының аумағында үш көтерме-тарату орталығын құру және олардың жұмыс істеуі жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын қабылдады.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Қырғызстан Республикасының аумағында көтерме-бөлшек сауда орталығын құру - тауарды уақытында жеткізуді қамтамасыз етеді. Қазақстан арқылы басқа елдерге шығуға мүмкіндік туады. Бұл елдер арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға септігін тигізеді.

Данияр Амангелдиев, Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрі:

Екі ел басшылары бекіткен іс-шаралар тауар айналымын арттыруға серпін берері сөзсіз. Қырғызстаннан Қазақстан аумағына, сондай-ақ әрі қарай өзге елдерге де ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу жоспарланған. Бұл жоба азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінде де маңызды.


Бөлісу