Әлем елдері шекарадағы бақылауды күшейтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем елдері шекарадағы бақылауды күшейтіп жатыр

30.11.2021

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Африканың оңтүстігінде анықталған жаңа коронавирус штаммын әлемге төнген қауіп деп жариялады. Ал, осы түр табылған елдер қатары көбейіп келеді. Дегенмен, АҚШ президенті Джо Байден «омикронды» байбаламға себеп емес деп мәлімдеп отыр. Тақырыпты тілшіміз жалғастырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың жаңа түрі – «омикронның» әлемге тез тарау қаупінің жоғары екенін ескертті. Және де ол өзіне мүше болып енген барлық 194 елді ауру жұқтыруға бейім топтарды вакциналау бағдарламасын жеделдетуге шақырды.

Айта кетсек, «омикрон» қарашаның 24-де Африканың оңтүстігінен анықталды. Одан әзірге ешкім қаза таппаса да, бұл штамм 32 рет мутацияланып, тіпті екпе салдырғандар мен коронавирусқа бұрын шалдыққандарға да жұғуы мүмкін деген болжам айтылып отыр.
Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы:
Жоғары мутацияға ұшыраған «омикрон» нұсқасының пайда болуы біздің жағдайымыздың қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді. Оңтүстік Африка мен Ботсванаға бұл нұсқаны анықтап, хабарлағаны үшін алғыс айту керекпіз.
Бүгінге дейін «омикрон» Ұлыбританияда, Голландияда, Данияда, Австралияда, Германияда, Израильде, Канадада анықталып, талай елді шекарадағы бақылауды күшейтуге мәжбүрлеп отыр.

Осыдан бірнеше сағат бұрын Жапония үкіметі де елге жаңа штаммның жеткенін хабарлады. Бұл мемлекетте «омикрон» Намибиядан оралған азаматтан анықталған. Cондықтан, Жапония әуе кеңістігі барлық шетелдіктер үшін жабылып жатыр.

Ковидтің соңғы түрі вакциналардың иммунитетті қорғау күшіне төтеп беруі мүмкін. Алайда, Ресей «омикронға» қарсы екпені 10 күнде жасай алатынын хабарлап отыр. Мұны Мәскеудегі Гамалея орталығының директоры, академик Александр Гинцбург мәлімдеді. Дегенмен, оның сөзінше, бұндай екпені тіркеу үшін құжат рәсімдеуге шамамен бір жарым айдан 50 күнге дейін уақыт кетеді. Тағы бір айта кететін жайт - Ресей келесі аптада «омикронмен» күрес жоспарын жарияламақ.
Владимир Путин, Ресей Президенті:
Мен үкіметтен келесі аптада жаңа коронавирус штаммының таралу қаупіне қатысты жаңартылған іс-қимыл жоспарын дайындауды сұраймын.
АҚШ президенті Джо Байден коронавирустың жаңа түрі байбаламға себеп емес деп есептейді. Сонымен қатар, Ақ үй басшысының сөзінше, америкалықтар вакцина алып, маска тағып жүрсе, бұл штамм үшін Құрама Штаттарда карантин жариялаудың қажеті болмайды.

Арыстан Рысбек 


Хабарламаларға жазылу