Қазақтың төкпе күй өнеріне қанат бітірген, ілкідегі күйшілердің мұрасын саф қалпында жеткізген дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияров мұрасы өлмек емес.
Білім және ғылым министрлігі мен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының демеушілігімен күйшінің «Толғау» атты кітабы жарық көрді. Консерваторияның халық музыкасы факультеті жинаққа күйшінің өмірінің соңғы кезінде жазылған, бұрын-соңды еш жерде жарық көрмеген 40-қа жуық күйін топтастырған.
Бұған дейін оның «Шашақты найза, шалқар күн», «Шынар», «Табыну» атты күйлер жинағы халықтан лайықты бағасын алды. Ал жаңа кітаптың тұсаукесер салтанатына арнап, дарабоз күйшіні еске алу кеші өтті.
Қаршыға Ахмедияров қазақтың асыл мұрасы - күйшілік дәстүрді насихаттауға, дамытуға, күй өнерін зерттеуге көп үлес қосты. Махамбет күйлерінің шығу тарихын зерттеп қана қоймай, нотаға түсірді.
Нұрбике Жұмағалиқызы, Қ. Ахмедияровтың жары:
Қаршыға Ахмедияров - көзінің тірісінде өзіне ескерткіш қойып кеткен адам. Өзі тірісінде шығарған 40-тан астам күйі нотаға түсірілмеген еді. Сол жарыққа шықпай қалған күйлер жинақталып, басылып отыр. Бұл кітап – өзінің ізбасарлары мен ұрпағына тастап кеткен мұрасы.
Дәурен ДАРИЯБЕК