Қазақстан мен Өзбекстанның өзара сауда көлемін келесі жылы 5 миллиард АҚШ долларына жеткізу көзделіп отыр. Ал одан кейінгі 5 жылда ол көрсеткіш екі есеге артуы тиіс. Бұл туралы Түркістанда өткен аймақаралық ынтымақтастықтың форумында айтылды. Шараға екі елдің Үкімет басшылары қатысып, сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік және басқа да салада байланысты дамыту жолдарын талқылады. Асқар Мамин мен Абдулла Арипов екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның отырысына да қатысты. Орталық Азиядағы барлық өңірлік сауданың 70 пайызы Қазақстан мен Өзбекстанға тиесілі. Екі елдің кәсіпкерлері бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Форум аясында жалпы сомасы 611 миллион АҚШ доллары болатын 54 инвестициялық және коммерциялық келісімшартқа қол қойылды.
Қайрат Азимов, Түркістан облыстық инвестиция және экспорт басқармасының бастығы:
Түркістан Өзбекстанға ең жақын тұрған облыс. Сондықтан, басқа облыстарға қарағанда, біздің ынтамақтастық бойынша байланысымыз тығыз және даму үстінде. Келісөздердің арқасында жүзеге асайын деп жатқан жобамыз ол 85 миллион АҚШ доллар көлеміндегі тұрмыстық техника шығаратын үлкен бір зауыт ашу жоспарланып жатыр.
Берік Көшербай