Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Кемерово облысындағы шахтада болған апаттан кеншілердің қаза табуына байланысты Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Ал, соңғы мәліметтерге сай, көз жұмғандар саны 52 адамға жетті. Марқұм болғандардың арасында 6 құтқарушы бар. Төтенше жағдайға метан жарылысы себеп болған. Кен орнында метан концентрациясы әлі де көбейіп жатқандықтан, құтқару жұмыстары уақытша тоқтатылды. Ал, істі тергеу аясында шахта директоры, оның бірінші орынбасары мен учаске басшысы ұсталды. Олар өндіріс нысандарына қатысты қауіпсіздік талаптарының сақталмауына жол берді деп айыпталды. Қазір қылмыстық іс қозғалған. Кінәсы дәлелденсе 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Шахтадағы апатқа байланысты өңірде үш күн қаралы күн деп жарияланды.
Айта кетсек, қайғылы оқиға бейсенбіде болды. Апат алдында 250 метр тереңдікте 285 адам жұмыс істеп жатқан. Олардың 239-ы сыртқа шығарылды.
Арай Төлегенқызы