Мәдениет және БАҚ саласының үздіктері марапатталды
Мереке қарсаңында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев та ел дамуына үлес қосқан бір топ азаматты Президент атынан мемлекеттік наградалармен марапаттады. «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медалін отандық мәдениет, өнер, әдебиет және медиа саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтарға табыстады. Министр ел игілігі жолында табанды еңбек етіп жүрген сала майталмандарын құттықтап, алғыс айтты.
Марапатталғандардың қатарында мемлекеттік опера және балет театрының, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің, Еркеғали Рахмадиев атындағы филармонияның және өзге де мәдениет пен өнер мекемелерінің өкілдері, БАҚ саласының үздіктері бар. Салтанатты рәсімде министр марапат иелерін құттықтай келе, мәдениет пен өнердің қоғамның рухани тұтастығын бекемдеудегі маңызын айрықша атап өтті.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
Қадірлі марапат иелері, бүгінгі марапат сіздердің жеке жетістіктеріңізге ғана емес, өздеріңіз қызмет етіп жүрген салалардың дамуына көрсетілген құрмет деп білеміз. Әр жетістіктің артында ұзақ жылғы еңбек, ізденіс және өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілік тұрады. Мемлекет тарапынан көрсетілген бұл құрмет, алдағы уақытта да жаңа бастамаларға серпін беріп, тың жетістіктерге жол ашады деп сенемін.
Орден мен медаль алғандардың көпшілігі мұндай марапатты тіпті күтпегендерін айтады. Еңбек бағаланса, жұмыс сапасы жақсарады. Марапат алға жетелейді дейді.
Рухия Байдүкенова, халықаралық ән байқауларының жеңімпазы, әнші:
Әрине мұндай марапатқа ие болу мен үшін үлкен абырой және де бұдан да үлкен сенімділікпен арқаға одан сайын жүк түседі деп ойлаймын. Енді бұл марапатқа лайық болуға тырысамын.
Гауһар Төлекбай, Abai TV телеарнасының продюсер-редакторы:
Марапат Ұлттық арна мен Абай тв-ға берілген марапат деп есептеймін. Өйткені Абай телеарнасы ұлт руханиятын дамытуда, насихаттаудағы жұмысын одан әрі жалғастыра береді. Ұлт руханияты дегеніміз ол біздің тіліміз, діліміз, өнеріміз, мәдениетіміз.
Салтанатты рәсімнің соңында еліміздің жетекші шығармашылық ұжымдары өнерпаздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы