Ресейде шахтадағы жарылыс құрбандарының саны 52-ге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде шахтадағы жарылыс құрбандарының саны 52-ге жетті

26.11.2021

Ресейдің Кемерово облысындағы көмір шахтасында болған апатта көз жұмғандар саны 52 адамға жетті. Марқұм болғандардың арасында 6 құтқарушы бар. Алдын-ала мәліметтерге сай, төтенше жағдайға метан жарылысы себеп болған. Жұмысшылар улы түтіннен тұншыққан. Кен орнында метан концентрациясы әлі де көбейіп жатқандықтан, құтқару жұмыстары уақытша тоқтатылды.

Ал істі тергеу аясында шахта директоры, оның бірінші орынбасары мен учаске басшысы ұсталды. Олар өндіріс нысандарына қатысты қауіпсіздік талаптарының сақталмауына жол берді деп айыпталды. Қазір қылмыстық іс қозғалған. Кінәсі дәлелденсе, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Шахтадағы апатқа байланысты өңірде үш күн қаралы күн деп жарияланды. Айта кетсек, қайғылы оқиға бейсенбіде болды. Апат алдында 250 метр тереңдікте 285 адам жұмыс істеп жатқан. Олардың 239-ы сыртқа шығарылды. 


Хабарламаларға жазылу