Қостанай облысындағы жаңа қазандық жылына 1,5 млрд теңгені үнемдейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысындағы жаңа қазандық жылына 1,5 млрд теңгені үнемдейді

23.11.2021

Арқалықта жаңа жылу орталығының іске қосылуы жылына 1 жарым млрд теңге бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұған дейін шағын шаһардың ескі қазандықтарына қымбат отын мазут жағылатын. Ал жаңа орталық жылуды мазуттан бірнеше есе арзан көмірден өндіреді. Алайда бұл қаланың қазіргі ауқымына сәйкестендіріп жылу жүйесін толық жаңғыртудың бастамасы ғана. 

 Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Жаңа орталықта дәл қазір қалаға жылу беріп тұрған екі су жылытқыш қазандығы және бір бу қазандығы бар. Олардың әрқайсында тәулігіне 60 – 70 тоннаға дейін көмір жанады. Және көмір әдетте біздің көзіміз үйренгендей күрекпен салынбайды, мына бункерлер арқылы жоғарыдан бірден пештің ішіне түседі.

Жаңа жылу орталығының жалпы құны 7 жарым млрд теңге. Желтоқсан айының соңына дейін тағы екі бу қазандығы және турбогенератор іске қосылуы тиіс. Яғни электр қуаты да өндіріледі. Соның арқасында орталық тәулігіне 1 млн теңге үнемдейтін болады. Қазір қалаға жылу беру жұмыстарын жергілікті мамандар мен мердігер компания өкілдері бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Бүкіл жүйе автоматты түрде бір орталықтан басқарылады.

Дәулет Ахметқалиев, мердігер компанияның инженері:

Барлық құрлыс жұмыстары аяқталуы керек. Барлық қазандықтарды іске қосып, осы қысқы маусымда барлығын жақсы жағынан көрсетсек, нысанды өткізе аламыз.

Жылда Арқалық қаласына жылу маусымы үшін мазут сатып алуға облыс бюджетінен 2 млрд 200 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалатын. Себебі мазуттың әр тоннасының құны жеткізуін қоса есептегенде 22 мың теңгеге жуықтайды. Ал көмірдің тоннасы 14 мың теңге ғана.

Ерлан Райысов, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары:

Биыл 48 мың тоннаға келісім шарт бар. Жалпы сомасы 672 млн теңге болып тұр. Айырмасы сонда 1 жарым млрд теңге болып тұр. Осылай есептегенде бұл жоба өзін өзі 5 жылда ақтап шығады.

Бюджет қаржысы үнемделгенмен, үйлердегі жылудың қандай екенін білмекке тұрғындарды да сөзге тарттық.

Ғалия Орынбекова, қала тұрғыны:

Жылы, жылы. Жақсы. Былтыр салқындау болған. Биыл жылы.

Төлеген Бекмурзин, қала тұрғыны:

Үй жылы. Мен өзім үшінші қабатта тұрамын. Жақсы. Ешқандай өзгеріс байқамадым. Былтырғыдай.

Енді жылудың күшейгені сезілу үшін 85 пайыз тозығы жеткен жылу желісі толық жаңғыртылуы тиіс. 11 шақырым негізгі магистраль, 24 шақырым тарату құбырларын ауыстыру үшін алдағы жылы жобалық сметалық құжат дайындалады. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің де көбінің әбден ескірген инженерлік желілері жаңартуды қажет етеді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу