0:00:00
0:00:00
Елімізде 3300 бала ковидке қарсы вакцина алды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған Pfizer вакцинасы емханалардан бөлек мектептердің екпе кабинеттерінде салынуда. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният пен Бас санитар-дәрігер Айжан Есмағамбетова екпе барысын бақылау үшін елордалық мектепке барды. Дәрігерлермен кездескен вице-министр екпеден кейін балалардың жағдайын жіті бақылауда ұстаймыз дейді.
Pfizer вакцинасы елорда мектептеріне екі күн бұрын жеткізілді. Мұны естіген ата-аналар балаларын ертіп, екпе кабинеттеріне келіп жатыр. Ауру жұқтырып ала ма деп баласы үшін алаңдаған елордалық Бақытжан Омарханов та екпе салдырып, аурудың алдын алуға бел буған.
Бақытжан Омарханов, қала тұрғыны:Бірінші болып вакцина алуға келіп отырмыз. Бұл, біріншіден, өз баламның қауіпсіздігі және де көпшілік ортада жүруіне байланысты мен осы вакцина алсын деп шештім.
№71 мектеп-лицейге бас сұққан вице-министр бұл жұмыстың жоспарлы түрде ата-аналар келісімімен әрі дәрігерлердің рұқсатымен басталғанын айтады. Елордада екі күнде бұл вакцинаны 930 адам қабылдаған. Оның 643-і 12 жастан асқан балалар. Дәрігерлер екпе салдырған балалар арасында қатты жанама әсер байқалған жоқ дейді.
Ажар Ғиният, Денсаулық сақтау вице-министрі:Балалардың әрбіріне көңіл бөліп, осындай орын ұйымдастырылған. Сондықтан оларға жақсы жағдай жасалды деп ойлаймыз. Бір жағынан мұғалімдер де балалардың жағдайын біліп отырады.
Жалпы, министрлік Pfizer екпесінің 4 млн 230 мың дозасын сатып алған. Қазір оның 379 мың дозасы емханалар мен мектептерге жеткізілді. Бұл 2 млн 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. Қордағы вакцина бірінші кезекте қатерлі топтарға салынады. Олардың арасында балалармен қатар жүкті және бала емізетін әйелдер бар.
Сәбит Әлдебай