Сәкен Жүнісовтің туғанына - 80 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сәкен Жүнісовтің туғанына - 80 жыл

14.02.2014
Сәкен Жүнісовтің туғанына - 80 жыл
Қалың оқырман «Ақан сері» романымен танитын жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәкен Жүнісовтің туғанына биыл - 80 жыл. Ортамызда болса, қаламгер Көкше төрінде өзін еркелеткен халқымен мерейтойын дүбірлетіп атап өтер еді. Әйтсе де, ел өнерін ұлықтаған ерді  оқырманы естен шығармақ емес.
 
«Айналайын халқымнан сері атаған» деген атпен бүгін Алматыдағы №4 орталық кітапханада әдеби-сазды кеш өтті. «Қаламгердің шығармашылық лабораториясы» және «Сәкен Серінің пьесалары сахна төрінде» деген айдармен жазушының өмірі мен шығармашылығын кешке келген қатысушылар талдап, талантына бас иді.
 
Жалпы, Сәкен Жүнісов алғашқы қадамын балалар әдебиетінен бастап, прозаға романмен енген қаламгер. Оның «Жапандағы жалғыз үй», «Ақан сері», «Аманай мен Заманай» романдары әлі күнге оқырманын жоғалтпай келеді.
 
Сегіз қырлы сері дарынды драматург ретінде де «Қысылғаннан қыз болды», «Сабалақ Абылай», «Кроссворд сынды» бірнеше пьесаларымен қоғам тынысын айнытпай көрсете білген.
 
Сарбас Ақтаев,  ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:
Өзге жазушылардан ерекшеленетіні - көркем жазады. Әрбір шығармасынан өнер адамы екендігі көрініп отырады.
 
Есмұқан Обаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
Сәкеннің драматургиясының өзі - бір әлем. Қазақ театрларының ішінде Сәкен шығармаларын қоймағаны жоқ шығар, деп ойлаймын.
 
Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу