Бүгін Сенатта еліміздегі ғарыш саласын дамыту туралы Заң қабылданды. «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» кешенін құру туралы алғашқы келісім Қазақстан мен Ресей арасында 2004 жылы жасалған. Ал былтыр оған өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. Бұл хаттама «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін бюджеттік несиеден босатуды көздейді және оның жүктелуіне кепілдік береді. Аталған жобада Ресей тарабы тасымалдағыш зымыранды дайындайды. Ал Қазақстан қолданыстағы «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенінің жерүсті инфрақұрылымын жаңартады. «Бәйтерек» жобасындағы мақсаттың бірі – экологиялық таза зымыран тасығыштарды қолдану. Сонымен қатар бұл жоба Қазақстанға әлемнің ғарыш державалары клубына мүше болуға жол ашады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
«Байтерек» ғарыш зымыран кешені Қазақстан мен Ресейдің «Байқоныр» ғарыш айлағындағы бірлескен маңызды жобасы. Бүгін қаралған Хаттама Қазақстан тарапының осы жобаға қатысу үлесін арттырады. Қабылданған Заң екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға және Қазақстанның ғарыш саласын дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз.