Қостанай облысында ауылшаруашылық құрылымдары биыл берілуі тиіс субсидияның 1 млдр 333 млн теңгесін әлі алмаған. Ал Қазақстанның фермерлер қауымдастығы өкілдері бірнеше жылға созылған субсидия берешегі шамамен 10 млдр теңгеден асып кеткен дейді. Мемлекеттен берілетін демеуқаржы шаруаларға неге дер кезінде жетпейді. Дәуренбек Әбдібек әңгімелейді.
Эдуард Двуреченский егін шаруашылығымен айналысады. Жерінің көлемі 12 мың гектар. Маусымдық науқандарды қоса алғанда жүзге тарта адамды жұмыспен қамтып отыр. Биыл құрғақшылыққа қарамастан топырақты күтіп-баптаудың арқасында гектарына 13-17 центнерден өнім жинады. Алайда сол жерді өңдеуге берілетін субсидияны әлі толық алмаған. Техниканы жаңалау үшін берілетін субсидияның да түйткілі көп.
Эдуард Двуреченский, шаруа:
Бізді шетелдік өнімділігі жоғары техникаға берілетін субсидияны азайту туралы әңгіме алаңдатады. Себебі елімізде жасалатын техниканың қуаты оларға теңесе алмайды. Ал ауылдарда жұмыс күші жетіспейтіндігін ескерсек, жоғары өнімді агрегатсыз аграрлық саланы ілгерілету мүмкін емес.
Қостанай облысында 7 мыңнан аса ауылшаруашылығы құрылымы бар. Биыл оларды қолдауға әр бағыт бойынша 43 млдр теңгеден астам субсидия және бюджеттік несие бөлінген. Алайда соның 1 жарым млдр теңгеге жуығы әлі төленбепті. Бұған бірінші себеп қаржы тапшылығы.
Талғат Өтекеев, Қазақстан фермерлер қауымдастығы облыстық филиалының атқарушы директоры:
Инвестсубсидияға қарастырылған қаржы таусылғанда ауылшаруашылығы құрылымдарынан өтініш қабылдау да тоқтайды. Соның кесірінен бөлінген қаржыны беруде белгілі бір рет, тәртіп жоқ. Қаржы түскенде сол сәтте өтініш бергендер оны қағып кетеді. Ал үлгермегендер жылдап күтеді. Біз «күту парағын» жүйесін енгізуді ұсынамыз. Яғни қаржы болмаса да құрылымдардан өтініш қабылданып, соның ретіне сәйкес кезек қалыптасуы тиіс.
Кәсіпкерлердің енді бір парасы субсидия алуды қиындататын мамандардың біліксіздігі мен қағазбастылық деп есептейді.
Болатбек Жоланов, кәсіпкер:
Субсидия сұраған кезде ана жерде отырған жігіттердің өздері түсінбейді. Ана қағазды әкел, мына қағазды әкел деп қаптаған құжат жинатып адамдарды ығыр қылады.
Агроөнеркәсіпте субсидияны талан-таражға салу оқиғасының көбейгенін Президент өз жолдауында айтқан болатын. Сондықтан мемлекет басшысы бұл саладағы жұмысты бріжолға қойып, тұрақтандыруды өз бақылауына алды.
Дәуренбек Әбдібек