Алматыға қалың қар түсті. Ауа температурасы -12 градусқа дейін төмендеп, аяз күшейді. Қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының мәліметінше, шаһарда 8 см, тау бөктерінде 10 см, ал таулы аудандарда 15 см-ге дейін қар жауған. Түннен бері көшелер, жаяу жүргіншілер жолы мен аялдамалар тазартылып жатыр.
Ақ ұлпа жауа бастағалы бері 185 құм шашқыш техниканың күшімен жолдарға көктайғаққа қарсы материал себілген. Қар тазалау жұмыстарын бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. «Қазгидрометтің» болжамы бойынша, бүгін де күні бойы қар жауады. Түнде аяз күшеюі мүмкін. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті ауа райының нашарлауына байланысты көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерді барынша сақ болуға шақырып отыр.