«Елес қуған сайыпқыран». Бұл - қазақ киносы тарихындағы тұңғыш фантастикалық әрі экшн жанрындағы фильмнің атауы. Кинотуындыны Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «МG Production» кинокомпаниясы бірігіп түсірген. Бүгін Алматыда фильмнің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған көрсетілімі болып өтті.
Ғаламдық корпорация қылмысты тоқтата алатын әлемде теңдесі жоқ «GS код» компьютерлік бағдарламасын ойлап табады. Шындығында, олардың негізгі мақсаты - адамдардың ақыл-ойын «елес» жүйесі арқылы басқару болады.
Бірнеше адамның жұмбақ ажалынан кейін ел іші бүліне бастайды. Ақырында, Тимур атты қазақ полицейі мен Зак есімді хакер жігіт дүниежүзілік деңгейде ұйымдастырылған қастандықты тоқтатады.
Сондай-ақ, фильмде адал махаббат, шын достық пен сатқындық та көрініс тапқан. Астана, Алматы және Лос-Анджелес қалаларында түсірілген киноға голливудтық жобалардан 20 есе аз қаржы жұмсалыпты. Картина ағылшын тіліне де аударылған.
Ернар Мәліков, продюсер:
Әлемдік прокатқа шығару үшін жұмыс жасап жатырмыз. Біздің балалар қазір Лос-Анджелес, Санта-Моника қалаларындағы серіктес компаниялармен жұмыс жүргізуде. Ол жақтағылардың беріп отырған бағасы жаман емес. Біздің жобаға көз тігіп отырған 20 шақты компания бар.
Санжар Мәдиев, актер:
Бұл жобаның менің тәжірибемде, жалпы өмірімде де алған орны ерекше болды. Көп нәрсе түйдім, үйрендім. Соны кинода жеткізуге тырыстым. Көрермендердің көңілінен шығады деп үміттенемін.
Қоюшы режиссер Марина Қонарова фильмде еліміздің көрікті жерлері мен зәулім ғимараттарын және жоғары технологияларды көрсетуге тырыстық,-дейді. Қазақ қызының экшн жанрында сапалы кино түсіріп жатқанына шетелдік шеберлер таңданған көрінеді.
Марина Қонарова, фильмнің қоюшы режиссері, сценарий авторы:
Шынымды айтсам, бірінші кезекте бүгінгі замандағы қазақ батырын көрсеткіміз келді. «Кемел тұлға» дейміз ғой. Байқап қарасаңыз, көп кинода америкалық кейіпкер әлемді алпауыт апаттан құтқарып жатады. Неге қазақ жігіті әлемді құтқара алмайды? Біздің бүлдіршіндер өз батырларымызға еліктеп өсуі керек.
Иә, бастама жаман емес. Түсірілім тобы мұнымен тоқтағылары келмейді. Марина Қонарова енді шытырман оқиғалы экстрим-фильмінің сценариін бастаған. Ал, продюсер болса жақында Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романы желісінде мелодрамалық кино түсіретіндіктерін жеткізді. Ал, «Елес қуған сайыпқыран» фильмі ертеңнен бастап отандық кинотеатрларда қазақ және орыс тілінде көрерменге жол тартады.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ