Қадыр Мырза-Әлі тұрған үйге ескерткіш тақта ілінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қадыр Мырза-Әлі тұрған үйге ескерткіш тақта ілінді

22.01.2014
Қадыр Мырза-Әлі тұрған үйге ескерткіш тақта ілінді

Бүгін Алматыда ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза-Әлі тұрған үйге ақынның ескерткіш тақтасы қойылды. Игі шараға қоғам қайраткерлері мен  туыстары, Батыс Қазақстаннан арнайы келген өкілдер қатысты.

 
Қадыр Мырза-Әлі  тек Ақжайықтың ғана емес, күллі Алаштың ардақты ақыны болды. Өмірдің жайын өлеңмен өрген сөз сардары тың стил, тосын ой айту арқылы «Ақылдың ақыны» атанды. Отты жырлары мен ойнақы орамдары әдемі әзілмен жалғасып, бүтін бір қоғам болмысын суреттеді.
 
Ол - қазақтың балалар әдебиетін дамытуға айтарлықтай үлес қосты. Ертегі, жаңылтпаштар мен жұмбақтары да бір төбе. 50-ден астам жыр жинағы шықты. «Ой орманы», «Домбыра», «Қызыл кітап», «Алаштың арманы» сынды кітаптары оқырман жүрегінен орын тапты.
 
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра», деген де Қадір Мырза-Әлі еді.
 
Бүгінгі шарада сөз алған азаматтар мен көзін көргендер ақынды «Жыры сияқты мөлдір еді. Оның тұлғасы алыстаған сайын биіктей береді», деп еске алды.
 
Ғаббас Қабышұлы, жазушы:
Қадыр Мырза-Әліні ұлы ақын деп атауға тұрарлық еді. Ол оны өзінің мұрасымен дәлелдейді. Ол ойшыл ақын еді. Қай өлеңінде болсын, ғажап ойлар жататын. Оның орны толмайды.
 
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу