Президент: 2030 жылға қарай елдегі бидай шығымы 40 пайыз төмендеуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: 2030 жылға қарай елдегі бидай шығымы 40 пайыз төмендеуі мүмкін

13.10.2021

 2030 жылға қарай еліміздегі бидай шығымы 40 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Климаттың жылынуы осындай салдарға әкеледі. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан «Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу жолдары және Қазақстанның көміртегі бейтараптылығы» халықаралық конференциясында осылай деп мәлімдеді. Президент алдағы 30 жылда еліміздегі барлық көмір стансалары қолданыстан шығатындығын да айтты. Ғаламдық жылынудың елімізге қандай қаупі бар? Қазақстан қандай шараларды қолға алмақ? Толығырақ тілші материалында.

Мұхиттан алшақ, су көздері аздау Азияның кіндігінде орналасқан Қазақстан үшін жаһандық жылынудың салдары ауыр болуы мүмкін. Биылғы құрғақшылықтың өзі ел шаруаларына оңай тиген жоқ. Ал жағдай бұлай жалғаса берсе таяу арада азық-түлік тапшылығы сезілуі мүмкін. Сондықтан жедел әрі жүйелі жұмыстарды қолға алу керек деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Қазақстан жылына 7 млн тоннаға дейін бидай экспорттап, азық-түлік бидайы мен ұн өндірушілердің ірі ондығына кіріп отыр. Алайда жағымсыз сценарий іске асқан жағдайда 2030-жылға қарай бидайдың шығымы 40 пайызға дейін төмендеуі мүмкін.

Иә, экономика алдыңғы орынға шыққан жаһандану заманында табиғат анаға қамқорлық ауадай қажет. Қазақстан 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптық тұжырымдамасын әзірледі. Арнайы доктринаны іске асыру үшін халықаралық қауымдастықтың көмегі қажет дейді министр.

Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: 
 Тұжырымдама энергия тиімділігін арттыруды және баламалы энергетика көздерінен өндірілетін қуат көлемін 2060 жылға қарай шамамен 70% - ға жеткізуді көздейді. Сондай-ақ жасыл желек 45 млн тонна көмірқышқыл газын жояды деген болжам бар. Сол үшін халықаралық қауымдастықтарды Қазақстанның тұжырымдамасын қолдауға шақырамын. 

 Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанға 700 млрд АҚШ доллары қажет. Қыруар қаржы. Мемлекет басшысы әрбір шығынды есептеп, тағы бір мәрте мұқият зерделеуді тапсырды. Жасыл энергетика мен көгілдір отынның үлесі де жылдан-жылға өсе бермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаз,ақстан Республикасының Президенті: 
2025 жылға қарай неғұрлым ластанған 10 қала газдандырылып, баламалы энергия көздеріне ауыстырылатын болады. Қазақстанның жаңартылатын және баламалы энергетиканы дамыту үшін зор әлеуеті бар. Біздің болжамдарымызға сәйкес, 2030 жылға қарай жасыл энергия көздерінің үлесі кем дегенде 15% - ды құрауы тиіс.

 Белді сарапшылар су жаңа заманның мұнайы деген терминді жиі қолданып жүр. Біріккен ұлттар ұйымы 2030-жылға қарай тіршілік нәрінің тапшылығы 40 пайызға жетуі мүмкін. Осы орайда президент көрші елдерден келетін трансшекаралық өзендердің проблемасын көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінде шекаралс елдерден келетін су көлемінің төмендеуі байқалады. Бұл өзендер мен көлдердің табиғи су теңгерімінің бұзылуына, сондай-ақ елдің бірқатар өңірлеріндегі экологиялық жағдайдың нашарлауына алып келуде. Кеңейтілген диалог пен ынтымақтастық жолымен халықаралық міндеттемелерді іс жүзінде орындау жөніндегі күш-жігерді үйлестіру қажеттігі пісіп-жетілді деп ойлаймын. Бұл мәселеде біз серіктестер мен халықаралық қоғамдастықтың қолдауына сенім артамыз.

2025 жылға дейін 2 млрд түп ағаш отырғызылады. Қазақстан осындай мега жобаны жүзеге асырмақ ниетте. Бұл еліміздің жер эколгиясын жақсартуға қосып жатқан бірден-бір үлесі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
2 миллиард ағаш егу бастамасы үлкен халықаралық резонансқа ие. Шын мәнінде ұлттық ауқымдағы жобаға айналуда.Біз сондай-ақ Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл отырғызуды ұлғайтамыз. 2025 жылға қарай сексеуіл алқабы 1,5 миллион гектарға жетеді деп жоспарлап отырмыз. Бұл тұрғыда өзбекстандық әріптестерімізбен ынтымақтаса әрекет етіп жатырмыз.

Ал шетелдік сарапшылар мен түрлі ұйым өкілдері Қазақстанның жасыл экономика көшудегі бастамасын ерекше бағалап отыр.

Мирьяна Эггер, БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі: 
Елдеріңізде мұнай да, көмір де жеткілікті. Бірақ соған қарамастан Қазақстанның жасыл энергетикаға көшуге деген ұмтылысы қуантады. Сондықтан Біріккен ұлттар ұйымы серіктестік орнатуға дайын. Өйткені климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл барлығымызға ортақ жауапты іс.

Жаһандық жылынуға қатысты Қазақстанның ұстанымы айқын. Біздің ел ғаламдық эко жүйені жақсартуға барынша үлес қосуға әзір. Алайда бұл үшін барлық мемлекеттердің бірлескен әрі жүйелі жұмысы қажет. Сол себепті президент барлық елдерді осы бағытта жұмыла күш біріктіруге үндеді.

Шерхан Жамбылұлы, Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу