Азия 21-ғасырдың көшбасшысы болады. Қазірдің өзінде сары құрлық геосаяси күрестің басты алаңына айналып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің сыртқы істер министрлерімен кездесуінде осылай деп мәлімдеді. Қазақстан бұл кеңеске 2024-жылға дейін төрағалық етуге мүдделі. Мемлекет басшысы Азияның сыртқы істер министрлерімен тағы қандай мәселелерді талқылады? Тілші материалында
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес қазір геосаясат сахнасында беделді саяси ұйым. 27 мемлекет мүше. Құрылымды құру идеясы Қазақстанға тиесілі. 1992-жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ мінберінен сары құрлықта осындай кеңестің қажеттілігін айтып, бастама көтерді. Бүгінде оның әлеуеті көптеген игі бастамаларға себепкер болып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өздеріңізге мәлім, біз Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдырудың стратегиялық мақсаттарына негізделген бірқатар маңызды басымдықтарды айқындадық. Кеңестің халықаралық ұйымға қажетті барлық элементтері, атап айтқанда негізгі құжаттары, басқарушы және жұмыс органдары, оперативтік бюджеті мен тұрақты хатшылығы бар.
Иә, жалпыазиялық диалог форумын құруда Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасына жаңа лауазым беруді ұсынып, бірнеше бастама көтерді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ақсақалдар кеңесінің басшысы лауазымына кеңестің негізін қалаушы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсыну – мен үшін үлкен мәртебе. Екіншіден, 2022-2024 жылдары Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес төрағалығына Қазақстанды ұсынамын. Еліміздің кандидатурасы мақұлданған жағдайда Кеңестің игі миссиясын орындау үшін ұжымдық күш-жігерді нығайту жолында жаңа мандатты пайдалануға міндеттеме аламыз.
Жаһан күрделі өзгерістерді бастан өткеруде. Азия құрлығы әлемдік геосаясаттың кіндігіне айналып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бірыңғай және сындарлы тәсіл ұсынып, өзімізге зор жауапкершілік пен міндет жүктеген жағдайда Азия XXI ғасырдың көшбасшысы болатынына сенімдімін. Бұл ретте, Кеңес Азиядағы қауіпсіздіктің, ынтымақтастық мен ортақ өркендеудің нысанын қалыптастыра алатын бірыңғай форумға айналады деген үміттеміз.
Мемлекет басшысы таяу жылдары кеңестің алдында тұрған өзекті міндеттерді атап өтті. Ең әуелі ол елдер арасындағы сенімді нығайтып, қақтығыстардың алдын-алу бағытталуы тиіс. Ауғанстандағы ахуал да жіті назарда.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Орталық Азияның бес мемлекеті Ауғанстанның қалыпты жағдайға оралуына аса мүдделі. Қазақстанның ұстанымы айқын. Бізге Азиядағы Үлкен ойын емес, Үлкен пайда қажет.
Пандемияны жеңу үшін барлық елдерге вакцина қолжетімді болуы керек. Қазақстан өз екпесін жасап, өндіріп отырған санаулы мемлекеттердің қатарында. Вакцинаға мұқтаж елдерге де қол ұшын беруге даяр. Мемлекет басшысы пандемиядан соң Азия жер-жиһандағы рөлін одан да күшейтуі бек мүмкін екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазірдің өзінде біздің аймақ ғаламдық тартылыс күшіне айналды. Бұнда әлем халқының 60 пайызы, тұтынушылық қабілеті бар өлшеммен алғанда, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 40 пайызы осында шоғырланған. Осы құрлықта өте қуатты Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы, Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы және Жан-жақты аймақтық экономикалық әріптестік ұйымдары жұмыс істейді.
Президент ғаламдық жылыну мен оның салдарына да тоқталды. Күн райының өзгеруінен көптеген елдердің азық-түлік және су қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін. Бұл мәселе әсіресе, Орталық Азия мен Таяу Шығыста өткір тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Азия-Тынық мұхиты аймағы климаттың әртүрлі құбылыстарына жиі ұшырайды. Бүкіл әлемдегі табиғи апаттардың 40 пайызы осы аймақта болады және халқының 84 пайызы зардап шегеді. Бұл мәселелер климатқа байланысты Париж конференциясынан кейінгі СОР26 Саммитінің қарсаңында аса маңызды. Глазгодағы Келісімдердің сапалы орындалуы адам шығынына және тұрмыс деңгейінің төмендеуіне бұдан былай жол бермеу үшін қажет.
Қаржы саласындағы әріптестікті нығайту маңызды. Бұл орайда президент Астана қаржы орталығының әлеуетін пайдалануды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз кеңестің қаржы саммитінің қорытындыларын қолдаймыз. Бүгінде Қазақстан еуразиялық кеңістіктегі қаржы нарығында маңызды рөл атқаратын елге айналып келеді. Осы ретте «Астана» халықаралық қаржы орталығын айтуға болады. Қазіргі уақытта бұл Орталық әлемдік институттардың озық тәжірибелерін ұштастыратын және ағылшын құқығына негізделген заманауи құралдарды пайдаланатын қарқынды қаржы алаңына айналды.
Ақордадағы алқалы жиынға қатысушылар Сыртқы істер министрлері кеңесінің келешек жоспары мен бірге, оған Қазақстанның қосып жатқан үлесіне тоқталды.
Сергей Лавров, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі:
Кеңестің әлеуеті зор екенін көріп отырмыз. Қазақстан оның жұмысын ілгерілетуде үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Еуразия құрлығында көптеген ұйымдар бар. Олардың тәжірибесін пайдаланып, әріптестік орнатудың бағыттарын айқындап алғанымыз жөн.
Субраманияма Джайшанкара, Үндістанның Сыртқы істер министрі:
Бұл ұйым құрлықтағы қауіпсіздік пен өзара іс-қимылды үйлестіруге зор септігін тигізіп отыр. Терроризм, нашақорлықпен күрес сынды халықаралық қылмыскерлерге тосқауыл қою да біздің басты міндеттеріміздің бірі.
Келер жылы Қазақстанда кеңестің 6-саммиті өтеді деп жоспарланған. Президенттің сөзінше ол басқосу «Жаңа әлемдегі Жаңа Азияның» бағытын айқындауға арналады. Және бұл жиынның тұтас құрлық үшін маңызы ауқымды болмақ.
Шерхан Жамбылұлы