1 қаңтардан бастап «ЭКСПО» базасында жаңа оқу орны ашылады
«Astana Hub» ресми түрде өз жұмысын бастады. Бүгін елордада халықаралық технопарк Президент пәрменімен іске қосылды. Ең озық ойлы ғалымдар мен кәсіпкерлердің ордасына айналады деген орталық «ЭКСПО» көрмесінен мұраға қалған ғимаратың біріне орналасты. Нұрсұлтан Назарбаев бұл технопарк Қазақстан инновациясының экожүйесін дамытудың өзегі әрі локомотивіне айналып, технологиялық бизнесті дамыту үшін халықаралық деңгейде мойындалған хаб болуы қажеттігін атап өтті.
ІТ, блокчейн, венчур, стартап. Ағылшынның бұл сөздері қазір көпке таңсық емес. Жаһандану заманында инновациялық технологиялар дамудың негізгі күшіне айналып отыр. Бүгінде жаңаша көзқарасы бар, алға ұмтылып, тың дүниені іске асырғысы келетін отандастарымыз баршылық. Басым көпшілігі жастар. Президент хабтың ашылу рәсімі алдында осы стартап-компаниялардың жобаларымен танысып, ғылыми-зертханаларын аралап көрді.
Сондай-ақ, Президентке «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы баяндалды. Бүгінде елімізде бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өндіріс ошақтары кезең-кезеңімен ақылды өндіріске көшуде. Өткен жылы Қазақстанның үшінші жаңғыруы іске қосылды. Алғашқы нәтижелері де бар.
Асқар Жұмағалиев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- ТМД елдері арасында бірінші болып электронды еңбек биржасын құрдық. Қазір адамдардың жұмысқа орналасуын 15 пайызға арттырып отыр. Бұл түйіндеме мен бос жұмыс орындарын бір жерге орналастыру нәтижесінде мүмкін болды. Енді біз тұрғындарды бұрынғыдай бір айда емес, екі апта ішінде жұмысқа орналастырып отырмыз. Ал, еңбекпен қамту деңгейін 70 пайызға жетіп отыр.
ІТ мамандары үшін тағы бір жағымды жаңалық. 1 қаңтардан бастап «ЭКСПО» базасында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың жетекші тетігіне айналар жаңа оқу ордасы құрылады.
Динара Құлыбаева, «Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы:
- Бүгінде елімізде ақпараттық технология саласында білікті мамандар тапшы. Жаңа IT университет 11 мамандық бойынша кәсіби қызметкерлерді әзірлемек. Қазір ақпараттық технология жылдам қарқынмен дамып, сәт сайын жаңаруда. «IT university of Astana» бұл мақсатта жоғары білімді бакалавр және магистр бойынша ең жоғары әлемдік дәрежедегі оқыту әдісі бойынша мамандарды даярлайды.
Ресми ашылу салтанатында Нұрсұлтан Назарбаев төртінші өнеркәсіптік революцияны іске асыру кезінде мұндай теxнопарктің құрылуы еліміз үшін маңызды шара екенін атап өтті. Мұнда стартап жобаларды іске асыруға қажетті барлық жағдай жасалып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгін біз «Astana Hub»-ты ашып отырмыз. Бұл Қазақстанның цифрлық әлемі үшін ғана емес, толықтай алғанда маңызды оқиға саналады. Барлықтарыңызды инновацияны дамытуға белсенді қатысуға шақырамын және «Astana Hub» компаниялар үшін әлемдік танымалдыққа ие болу жолындағы трамплинге айналарына сенімдімін. Біз күш біріктіру арқылы барлық алға қойылған мақсаттарға жедел әрі тиімді қол жеткізе алатындығымызға сенімім мол. Ал, мақсат белгілі - қазақстандықтар бүкіл әлемнен артта қалып қоймауы керек.
АҚШ-та силикон алқабы, Ресейде Сколково. Әлем елдері ғылым мен бизнесті бір жерге түйістіріп, инновациялық технологияларды дамытуға баса көңіл бөлуде. Бұл орайда Президент стартап жобаларды дамыту үшін арнайы ғимарат салдыру ойы болғанын да айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтыр ғана елімізде абыроймен өткен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінен қалған дайын тұрған ғимаратты пайдаланатын боламыз. Қазіргі басты бағыт - біз ІТ-таланттардың жаңа генерациясын табысты жүргізуіміз керек. Бұл мақсатты іске асыру үшін бірінші кезекте ақылды, білімді, дарынды, қарым-қабілеті ерекше балғындарға қолдау көрсетіп, жәрдемесуіміз қажет. Біз әрдайым азаматтардың жеке бастамаларын, бағдарламалау мектептерін, робототехника мен киберспорттан спартакиадалар мен олимпиадаларды өткізуді жан-жақты қолдаймыз. Сондай-ақ, жоғарғы оқу орындарында білім беру бағдарламасы жаңартылды. Бүгінде өз күш-жігерімен әлемдік нарыққа шыққан жастарымыздың бары қуантады. Спартакиадалар мен олимпиадаларды жан-жақты қолдаймыз. Жоғарғы оқу орындарында білім беру бағдарламасы жаңартылды.
«Астана хаб» қатысушылары жеңілдетілген виза және еңбек режимдерін пайдалана алады. Сондай-ақ, оларға салық және басқа да жеңілдіктер беріледі. Тәлімгерлік институты да құрылды. Оның аясында сарапшылар стартап-командаларға қамқорлық жасайтын болады. Бүгінде бұл алаңда 146 стартап жобасы жұмысын жүргізіп отыр. Технопарк 2022 жылға қарай стартап резиденттерді инвестициялау көрсеткішін 67 млрд. теңгеге жеткізуді мақсат етіп отыр.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
