Елдегі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымның 17 пайызы ғана отандық өнім. 2025 жылға дейін оның көлемін 50 пайызға жеткізу керек. Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше екпін берген мемлекет басшысы Жолдауда осындай міндет қойған. Оған қалай жетеміз? Тілшіміз тарқатсын.
Қарағанды фармацевтикалық кешені. 12 түрлі дәрі өндіреді. Онкологиялық, ревматологиялық неврологиялық және склероз, қант диабеті сияқты көптеген ауруларды емдейтін дәрілердің тізімі осында бар. Жылына 40 млн флакон шығаруға қауқарлы.
Залия Нұрымбетова, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС ресми өкілі:Бізде биыл шығаруды жоспарлаған жаңа иновациялық өнімдер бар. Қазір 30-дан аса түрі зерттелу үстінде. Ол тізімде сирек кездесетін арфандық ауруларға қарсы дәрі-дәрмектер де бар.Осылайша өнім түрлерін көбейтіп, Қазақстан нарығында ғана емес, тіпті экспортқа шығару да жоспарымыз да бар. Мақсатымызды орындауға технологияның күші жетеді.
Елде дәл осындай дәрі дәрмек пен медициналық бұйым өндіретін 160-тан аса кәсіпорын бар. Оларды қолдау мақсатында 35 мекемемен мемлекет ұзақ мерзімді шарт жасасқан. Яғни, мемлекеттік медицина мекемелері - отандық өндірушілердің тікелей тұтынушысы. Бірақ салаға серпін беру үшін бұл аздық етеді. Озық технологияны меңгеріп, өнім түрін арттыру міндеті тұр. Бұл мақсатта министрлік Жаһандық фармацевтика өкілдерімен байланысты нығайтпақ.
Бауыржан Жүсіпов, ҚР ДСМ дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры:Дәрі-дәрмекке аздау, медициналық бұйымға деген кәсіпкерлердің қызығушылығы жоғары. Дәрі-дәрмекті дамыту бойынша белгілі атақты компаниялармен келіссөз жүргізуде. Ондағы мақсат жаңағы компаниялар елімізде трансферт жүргізеді. Біздің отандық кәсіпорындарға орналастыру. Сол арқылы сол кәсіпорында дәрі-дәрмек шығару. Бұл бойынша Фош, Файзер компанияларымен келіссөз жүргізілуде.
Отандық дәрі-дәрмек көлемін көбейтуге шамамыз жетеді. Оның дәлелі 9 айда нарыққа шыққан Қазақстандық вакцина. Демек өндіріс пен ғылым саласын одан әрі байланыстыру қажет. Егер отандық өнімнің үлесі артса, баға төмендейді, импортқа тәуелділік азаяды. Әйтсе де, кәсіпкерлер үшін ең өзекті мәселе - шикізат тапшылығы болып тұр. Қазақстанда бұл сала өндірістік жолға қойылмаған. Флораға бай бола тұра зерттеулер толық жүргізілмеген. Тағы бар мәселе ғылым тақырыбына келіп тіреледі.
Раушан Сайлауқызы