Қарағандыда тұрғындар жылусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда тұрғындар жылусыз отыр

11.10.2021

Жазира Ахметованың пәтерінде жылу температурасы 10 градустан зорға асады. Ал түнемелік тіпті азынап кетеді. Зейнеткерлер қымтанып қалың киініп отырады. Электр жылытқышын ұзақ уақыт қоса алмайды. Себебі тоқты айналдырады.

Жазира Ахметова, Молодежный кентінің тұрғыны:

Пенсиямыз минимальный. Сондықтан обогревательді бірде қоямыз, бірде қоймаймыз. Қатты тоңғанда қоямыз, сосын суырып тастаймыз. Былтырдан бері мына үйге не знаю не болғанын, кварталға, суық. Мінеки, киініп отырмын, шалым курткамен отыр.

Кентте 6500-дей тұрғын бар. Осындағы 100-ден астам көпқабатты үйлерді екі бөлек қазандық жылытады. Бірі Қаныш Сәтбаев атындағы каналға тиесілі. Онымен 93 үй, мемлекеттік мекемелер, әлеуметтік нысандар жылытылады. Ал қалған көпқабатты 17 үй , коттедждер мен бір мектеп және балабақшаға жеке меншіктің иелігіндегі қазандықтан жылу тарайды. Алайда, оның жұмысына жұрт наразы.

Жұмабике Оспанова, Молодежный кентінің тұрғыны:

Осы кварталда үсіп-қатып өлетін болдық. Үйде 8 градус болды былтыр, 10-ға дейін, 12 деген болған жоқ. Қазір көресіз, 1 октябрьден 100 процент алады. Жылу болмаған уақыттарды алып тастамайды. Свет бізде қымбат. Былтыр 14-те бірдеме болған, биыл 19.

Өткен қыста да бұл жылыту нысанында су айналдыратын генератор істен шықты. Қосымша генератор болмағандықтан қақаған аязда үйлердегі құбырлар қатып, жарылған болатын. Ал биыл жылу беру маусымы басталмай жатып мұндағы пештердің күлін шығаратын конвейер мүлдем жарамсыз болып қалған. Қазір бұл жұмыстар қолмен істелуде. Қазандықтың қыздырылғанына он күн өтсе де үйлер мен нысандарға әлі мардымды жылу жетпеген.

Бейімбет Бейсембеков, Молодежный кентінің әкімі:

Опрессовканы жасадық, одан кейін анау судың бәрін жылытқанша ол бірден жылу болмайды ғой. Ақырын, ақырын жылытып келеміз. Перерасчет болады, перерасчет жасайтын шығармыз енді оны. Енді проблема болмайды, өйткені генератор қоямыз. Былтыр генератор болған жоқ. Былтыр свет өшкенде анау суды айналдыра алмаған ғой.

Жақын күндері қазандық басына дизельдік отынмен жұмыс істейтін генератор мен күл шығаратын конвейер орнатылады. Жағдай түзеледі, былтырғыдай жылусыз қалу деген болмайды,-деп кент әкімі тұрғындарға уәде берді.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу